Курсант өлімі: Ақтөбеде екі әскери қызметкер сотталды

Фото: Алтынай Сағындықова

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Екі әскери қызметшіге Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігімен айыпты деп танылды. Сот үкімімен сотталушы Нұржан Айденов 4 жыл 6 ай, Заманбек Төлеген 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал ҚР Қорғаныс министрлігі жәбірленуші тарапқа 20 млн теңге төлейді. 

Ақтөбе облыстық әскери сотында бүгін түске дейін сотталушылар соңғы сөзін айтты. Екі сотталушы да өзіне тағылған айыпты мойындамады.

– Парашютті жинаған адам мен қойма жетекшісі істе жоқ. Олардың ісіне құқықтық баға берілмеді деп есептеймін. Дайын емес парашютті қалай береді? Бұл сұрақ ашық күйінде қалып отыр, - деді сотталушы Нұржан Айденов.

Фото: Алтынай Сағындықова

Сотталушы Заманбек Төлеген де өзіне тағылған айыппен келіспеді.

– ⁠Мен өзімнің және отбасымның атынан тағы да жәбірленушілерге қайғырып көңіл айтамын. Мен бұл жағдайды өзгертіп, балаңызды қайтара алмаймын. Сот отырысы кезінде қандай да ауыртпалық тудырсам, кешірім сұраймын. Бірақ мен бұл жағдайда негізгі себепкер емеспін. 2025 жылдың шілде айынан бастап менің де отбасым, ата-анам алаңдап отыр. Соттан сот алды тергеуі кезінде кеткен қателіктерді ескеруді сұраймын. Курсант өлімі парашютті жинаған және оны берген қызметкердің жұмысына деген салғырттығынан болып отыр. Мен өзіме тағылған айыппен келіспеймін, - деді сотталушы Заманбек Төлеген. 

Фото: Алтынай Сағындықова

Жарыссөз кезінде прокурор екі сотталушыны да айыпты деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

– Сотталушы Нұржан Айденов Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігімен айыпты деп танылып, 4 жыл 6 айға, Заманбек Төлеген айыпты деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сот залынан қамауға алынсын. Жазасын қауіпсіздігі төмен түзету мекемесінде өтесін. Жәбірленушілердің азаматтық талап арызы ішінара қанағаттандырылып, ҚР Қорғаныс министрлігінен 20 млн теңге өндірілсін, - деді Ақтөбе облыстық әскери сотының судьясы Айдана Мамбетқазиева. 

Судья үкімді түсіндірген кезде курсанттың бірінші рет парашютпен секіргенін, екі лауазымды тұлғаның салғырттығынан болашағынан зор үміт күттірген жас жігіттің қаза тапқанын айтты.

– Сот жәбірленушілердің ауыр жаза тағайындау туралы пікірін ескерді. Жәбірленушілер кешірім бермеді, - деді судья.

Фото: Алтынай Сағындықова

Сот үкіміне Т. Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскери институтының қызметкерлері қатысты. Олар сотталушыларды қалай алып кеткенін көрді.

Еске салсақ, былтыр шілде айында Ақтөбеде парашютпен секіру оқу-жаттығуында курсант көз жұмды.

Курсант өлімінен соң Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігімен іс қозғалып, екі күдікті қамауға алынды. Оның бірі – офицер, екіншісі – сержант. 

Сот отырысында айыпталушылардың қорғаушылары істі қайта тергеуге жіберуді сұрады.