Оқушыларға 55 үйірме тегін
Кез келген өңірдің келешегі жаңа ғимараттармен немесе кең көшелермен ғана өлшенбейді. Оның басты байлығы — өсіп келе жатқан жас ұрпақ. Сыр өңірінде осы бағытқа ерекше көңіл бөлінген.
Қала көшелерінде жаңа Оқушылар үйі, шығармашылық және қосымша білім беру орталықтары жиі кездеседі. Солардың бірі — балалардың жан-жақты дамуына арналған «Сыр жұлдыздары» академиясы. Мұнда тек оқушылар қабылданады және 55 үйірменің барлығы тегін жұмыс істейді.
Бір мезетте 500 баланы қабылдай алатын орталыққа тәулігіне үш мыңға жуық оқушы келеді. Жүзу бассейні, гимнастика және фитнес залдары, жекпе-жек пен үстел теннисіне арналған алаңдар, заманауи оқу кабинеттері — бәрі бір ғимаратта орналасқан.
— Іріктеу әр айдың соңында өтеді. Келесі қабылдау 1-15 қыркүйек аралығына жоспарланған. Әр топта 10-14 жас аралығындағы 20 баладан бар. Екі нұсқаушы жұмыс істейтіндіктен, жалпы 12 топ жасақталады. Қазір 240 бала жаттығып жүр. Жүзуге қызығушылық өте жоғары, үміткерлер саны көп, — дейді жүзуден жаттықтырушы Нұрқанат Алдаберген.
Сырдың брендіне айналған қауын
Қызылорда десе көпшіліктің ойына алдымен дария жағасындағы өңір мен күріш түседі. Соңғы жылдары Сырдың тағы бір бренді қалыптасты. Ол — дәмімен талайды тәнті еткен қауын. Жаз ортасынан бастап жол бойындағы сауда орындары мен базарлар сары ала түске боялып, жаңа өнім іздеген жұрттың қарасы көбейеді.
Бұл өлкенің қауындары түр-түрге бөлінеді. Диқандар арасында Аэропорт, Аққауын, Әміре, Торлама, Күләбі секілді сұрыптар кең тараған. Әрқайсының дәмі, иісі мен сақтау ерекшелігі әртүрлі. Бірі шырынды әрі жұмсақ болса, енді бірі қысқа дейін бұзылмай сақталады.
Әйгілі қауын базарына бас сұққан сәтте-ақ мұны аңғаруға болады. Қауынның аңқыған иісі мен көз тартарлық қарбыздар өңір диқандарының еңбегін айқын көрсетеді. Сатушылардың айтуынша, дәмі тіл үйіретін бақша өнімдерін өсіру үшін мол тәжірибе мен тынымсыз еңбек қажет. Сыр бойының диқандары ежелден бау-бақша өсірудің қыр-сырын жақсы меңгерген. Соның арқасында жергілікті өнім бүгінде еліміздің әр өңіріне жөнелтіліп, шетелдік нарыққа да шығып жатыр.
Роботтар жұмыс істейтін шыны зауыты
Қызылорда бүгінде тек саябақтары мен жаңа ғимараттарымен ғана емес, өнеркәсіптік әлеуетімен де ерекшеленеді. Соның жарқын мысалы — Қазақстандағы алғашқы толық автоматтандырылған шыны зауыты. 2022 жылы іске қосылған кәсіпорында бүгінде 300-ден астам адам еңбек етеді. Негізгі шикізат Шиелі, Жаңақорған және Арал аудандарынан жеткізіледі.
Балқыған шикізатты дайын өнімге айналдыратын өндірістік желі Италия, Финляндия, Германия, Түркия және Қытайда жасалған заманауи жабдықтармен қамтылған. Кейбір кезеңдерде пеш ішіндегі температура 1600 градусқа дейін жетеді.
— Мұнда кәдімгі мөлдір шыныдан бөлек, ғимарат ішіндегі жылуды сақтайтын арнайы жабындысы бар әйнектер де шығарылады. Зауыт жыл сайын дамып келеді. Ең ауыр жұмыстарды роботтар атқарады. Өнім сапасы тәулік бойы бақылауда болады. Әйнек қалыңдығы 3,3 миллиметрден 12 миллиметрге дейін жетеді. Осындай өндірістердің ашылуы жаңа жұмыс орындарын құрып қана қоймай, жергілікті мамандардың тәжірибе жинауына мүмкіндік береді, — дейді әкімшілік бөлім басшысының көмекшісі Нұрәлі Ермағанбет.
Зауыт тәулігіне 550 тоннаға дейін өнім шығарып, ішкі нарықпен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Грузияға экспорттайды. Өндірістегі көптеген процесс автоматтандырылған. Төрт робот шыныны кесу, тасымалдау және сұрыптау жұмыстарын тәулік бойы атқарады.
— Қызылорданың кез келген ғимаратына барсаңыз, әйнегі біздің өнім болып шығады, –дейді Нұрәлі Ермағанбет.
Түйеқұс өсіретін ауыл
Қызылорданың қарқынды дамуы қалада ғана емес, шалғай ауыл-аудандарда да сезіледі. Сырдария ауданындағы Бесарық ауылы — соның бір дәлелі. Екі мыңнан астам тұрғыны бар елді мекенге кіргеннен-ақ тазалық пен тәртіп көзге түседі. Жаңарған көшелер, жасыл желекке көмкерілген аллеялар мен демалыс орындары ауылдың ажарын аша түскен.
Бесарықтың тағы бір ерекшелігі — шаруашылықтың сан алуандығы. Дәстүрлі төрт түлікпен қатар мұнда бөдене, қырғауыл және түйеқұс өсіріледі.
— Бізде 6 мыңнан астам бөдене бар. Барлығы автоматтандырылған. Мұнда күніне 200-ден астам жұмыртқа жинаймыз. Өнімге сұраныс жоғары. Бөдененің еті де, жұмыртқасы да пайдалы, — дейді құс өсіруші Ербол Шаттенов.
Ал түйекқұсты өсіру «Қазақстанға бейміделеме де?» деген қызығушылықтан басталған. Әрі қарай бейтаныс құстың еті мен жұмыртқасына сұраныс та пайда болған.
— Алғашында Қазақстан жағдайына бейімделе ме деген ой болды. Кейін еті мен жұмыртқасына сұраныс пайда болды. Бір жұмыртқасының салмағы екі келіге дейін жетеді, бұл шамамен 20 тауық жұмыртқасына тең. Қазір басқа өңірлерден де келіп көретіндер көп, — дейді шаруашылық иесі.
Ұмытылған тағамдарды жаңғыртқан корей ұлы
Қызылордадағы сапар жергілікті асханамен танысумен жалғасты. Қаладағы ұлттық нақышта безендірілген мейрамханалардың бірі келушілерді тек тағамымен ғана емес, ерекше атмосферасымен де тартады.
Қабырғалардағы көне бұйымдар мен ұлттық ою-өрнектер өткен мен бүгінді жалғап тұрғандай әсер қалдырады.
— Кезінде Қызылордада ұлттық нақыштағы осындай мейрамхана болған жоқ. Біз басқа халықтың емес, қазақтың төл асханасын насихаттауды мақсат еттік. Себебі қазақтың әр тағамының өзіндік тарихы бар. Өзім 10 жылға жуық шеф-аспаз болып жұмыс істедім. Осы мейрамхананы ашарда ұлттық тағамдарды тереңірек зерттеп, ауылдарды аралап, қариялардан әзірлеу тәсілдерін жинадық. Басты мақсатымыз — қонақтарға дәмді ас ұсыну ғана емес, қазақтың мәдениеті мен тарихын жас ұрпаққа таныту. Біздің мейрамханаға жастармен қатар 90 жасқа дейінгі қариялар да келіп, ұлттық тағамнан дәм татады, — дейді мейрамхана иесі Андрей Югай.
Сыр өңірі бұрыннан күрішімен, қауынымен танылған өлке. Бүгінде сол дәстүрлі келбетке жаңа мазмұн қосылып келеді. Қызылорда енді тек аграрлы аймақ қана емес, заманауи білім беру орталықтары, жаңа өндіріс орындары мен кәсіпкерлік бастамалары қатар дамып жатқан өңір ретінде де танылып отыр.
Бұған дейін Jibek Joly телеарнасының «Таза қала» жобасы Ақтөбе облысының туристік әлеуеті туралы шығарылым ұсынған еді.