Күршім ауданында екі мектептің құрылысы жүріп жатыр – ШҚО

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында екі мектептің құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы аудан әкімі Алмат Ақышев «Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде Күршім ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы» тақырыбында өткізген баспасөз конференциясында мәлім етті.

«Ауданда 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрап отыр. Ал балабақшаларда кезекте тұрған 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндер саны – 200. Мектептерді компьютерлік техникамен қамтуға да баса мән берілген. Барлық 41 мектепте компьютерлер бар. Бүгінгі таңда аудан бойынша бір компьютерге 2 оқушыдан келеді. Ұрұнхайка ауылында 100 орындық, Жолнұсқау ауылында 50 орындық мектеп құрылыстары жүргізілуде», - деді ол.

Әкімнің айтуынша, Жолнұсқау ауылындағы білім ордасы 15 қарашаға дейін, Ұрұнхайка ауылындағы мектеп 1 желтоқсанға дейін салынып бітеді.

Сондай-ақ өз сөзінде ол Күршімдегі медицина саласының көрсеткіштеріне тоқталып өтті.

«Аудан халқына медициналық көмекті 41 ұйым көрсетеді. Жыл басынан бері ана өлімі мен туберкулезге шалдығу жағдайлары тіркелген жоқ. Шетелдік жетекші клиникаларда медициналық кадрларды оқыту мақсатындағы өңірлік бағдарлама шеңберінде аудандағы бір дәрігер Ұлыбританияда білім алып келген», - деді Алмат Ақышев.