Күршімде 20 жылда алғаш рет жаңа пәтер кілттері табыс етілді
13:41, 21 Қаңтар 2013
ӨСКЕМЕН. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - Күршім ауылында «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында 64 пәтерлі тұрғын-үй пайдалануға берілді.
Аз қамтылған отбасыларға, жетімдерге, жас мамандарға, дәрігерлер мен мемлекеттік қызметкерлерге пәтер кілттерін ауданда жұмыс сапарымен жүрген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев табыс етті.
«Күршім ауылында соңғы 20 жылда ешқандай баспана салынбады, бұл бой көтерген алғашқы үй. 3 жыл бұрын аудан әкіміне ауылдың аудан орталығы дәрежесіне сай еместігін айтқан болатынмын, ендігіде жағдай айтарлықтай өзгерді», - деді өңір басшысы.
Б.Сапарбаев ауданға жасаған жұмыс сапары барысында бірнеше ауыл округтерінің жұртшылығымен кездесіп, 2012 жылғы атқарылған жұмыс жөнінде әкімдердің есептерін тыңдады.
Естеріңізге сала кетейік, бұл тұрғын үйден басқа тағы да балабақша мен спорттық модуль ашылған болатын.