Куру ғарыш айлағында KazEOSat-1 қазақстандық жер серігінің ұшырылуы ауа райына байланысты кейінге шегерілді

ФРАНЦУЗДЫҚ ГВИАНА. КУРУ ҒАРЫШ АЙЛАҒЫ. ҚазАқпарат - Бүгін, 29 сәуірде Астана уақыты бойынша 07:35 кезіне жоспарланған Жерді қашықтықтан бақылау қазақстандық жер серігі мен еуропалық «Вега» зымыран-тасығышының ұшырылуы ауа райына байланысты кейінге қалдырылды.

Бұл туралы Гвиана ғарыш орталығының ұшуды басқару орталығына жиналған қонақтар мен қатысушыларға Arianspace президенті Стефан Израель хабарлады. Ол кейінге шегерудің себебін қатты желмен байланыстырды.

С.Израель іске қосылу уақытының кейінге ауыстырылуына байланысты кешірім сұрап, Arianspace өз серіктестері мен тапсырыс берушілерінің сенімі мен беделін маңызды санайтындығын атап өтті. «Соған байланысты біз ұшыру уақытын кейінге ауыстыру туралы шешім қабылдадық», - деді ол.

«Вега» зымыран-тасығышы мен қазақстандық KazEOSat-1 жер серігінің ұшырылуы бір тәулік кейінге ауыстырылды.

Куру ғарыш айлағына келген Қазғарыш төрағасы Талғат Мұсабаев бұл жағдайға байланысты түсініктеме берді. «Біз ауа райының қолайсыздығына байланысты орын алған жағдайға түсіністікпен қараймыз және жер серігін іске қосуға жауапты Arianspase шешіміне толықтай сенеміз», - деді ол.