Құрық портындағы автокөлік паромынан алғашқы қазақстандық және транзиттік жүк жіберілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Каспий айдынына Құрық көпсалалы паром кешенінен экспорттық бағдарға алғашқы қазақстандық және транзиттік жүктер жіберілді, деп хабарлайды «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

Кедендік ресімдеуден өткізілген соң, алғашқы жүк тиелген 29 автокөлік, бос автокөлік пен бір жеңіл машина паромға тиелді. Тасымалданатын жүктер құрамында Қазақстанда және Орта Азияда өсірілген ауыл шаруашылығы өнімдері мен құрылыс материалдары және басқа да тауарлар бар.

«Жаңа қазақстандық Құрық портының болашағы зор. Біз алдағы уақытта автокөлік инфрақұрылымымен алғашқы жүк ағыны жіберілген соң, бұл бағдардағы тауар тасымалдау қарқын алатындығына сенімдіміз»,-дейді кеме капитаны А. Пирмурадов.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті Б. Орынбасаровтың айтуынша, Компания Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы тапсырмаларды орындауын жалғастыра түсуде. 2017 жылдың басынан бастап Құрық теміржол паромымен 700 мың тонна жүк тасымалдау жоспарланғанымен, қазірдің өзінде 1 миллион 350 мың тонна жүк тасымалданды.

«Жаңа автокөлік паром кешені жылына екі миллион тонна жүкті өңдеуден өткізеді. Жаңа экспорттық-импорттық бағдар Кавказ, Түркия және Оңтүстік Еуропаға және кері қарай бағытталады»,- дейді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Инфрақұрылымдық жобалар жөніндегі вице-президенті Б. Орынбасаров.

 Атап өтерлігі, 6 желтоқсандағы Жалпыұлттық телекөпір кезінде Құрық портында Каспий айдынына тестілік сынақ ретінде автокөлік пирсі гидротехникалық имаратымен автокөлік паромына кеменің кіруіне мүмкіндік әперді. Құрық паром кешені теміржол мен автокөлік жолы арқылы келіп, оны жерге түсірместен, бірден кемеге кіріп, тиеуге барынша қолайлы жағдай жасалған, ерекше, өзіндік заманауи теңіз инфрақұрылымы.

Жаңа Құрық паром кешені еліміздің транзиттік-көлік әлеуетін дамытуды жүзеге асырып жатқан Жаңа Жібек жолының маңызды тізбегі болып саналады.