«Қазіргі уақытта автомобиль жолдарын, теңіз порттарын, әуежай инфрақұрылымдарын ауқымды жаңғырту жүргізілуде. Мәселен, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі Еуропаға дейінгі ең қысқа автожол бағдарына айналды. Мұнан бөлек, «Ақтау» теңіз портын кеңейту аясында Солтүстік теңіз терминалы жобасы жүзеге асырылды. Құрық портының бірінші кезеңі салынды және 2017 жылдың соңына дейін бұл жобаның екінші кезеңін аяқтайтын боламыз», - деді Асқар Мамин.
Оның айтуынша, Қазақстан көлік дәліздерінің тиімділігін арттыру мақсатында көліктік консорциумдар аясындағы серіктестеріне баса назар аударып отыр. Олардың қатарында Қытай, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Украина, Румыния және Польшаның көліктік-логистикалық компаниялары мен теміржолдары бар.
«Түрікменстан мен Ирандағы әрітестерімізбен бірге Парсы шығанағы бағытындағы дәлізді басқару жөніндегі комитет құрудамыз. Әлемдік логистикалық нарықтағы ірі ойыншылармен стратегиялық альянс та құрылып жатыр. Осылайша, Қазақстанда контейнерлік сервистің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін барлық қажетті шарттар мен инфрақұрылымдар құрылу үстінде», - деді бірінші вице-премьер.