Құрылып жатқан Еуразиялық экономикалық одақты саясиландыруға жол беруге болмайды - Н.Назарбаев

None
МӘСКЕУ. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстан, Ресей және Беларусь арасында құрылып жатқан Еуразиялық экономикалық одақты саясиландыруға жол беруге болмайды.

Бұл туралы Мәскеуде өткен Мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді.

Н.Назарбаев интеграциялық бірлестікті дамыту қағидаларының бұлжымайтындығын еске салып өтті. «Алдымен интеграцияның іргетасын дайындап алу қажет, содан кейін ғана өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге болады», - деп баса айтты Мемлекет басшысы.

«Ағымдағы кезеңде барлық қатысушыларға мүдделі салалар бойынша ортақ нарықты қалыптастыру үшін үйлестірілген, келісілген саясатқа топталу барынша пайдалы болар еді. Біз бірыңғай саясатқа қол жеткізе алған салаларда, мысалы, үшінші елге қатысты сауда саясатында, бұл міндетті түрде сақталуы тиіс», - деді Н.Назарбаев.

«Біз сіздермен бұрын да айтқанбыз, қайталай берудің қажеті жоқ, құрылып жатқан одақты саясиландыруға жол берілмейді, - деді Президент - Біз экономикалық одақты құрудамыз. Сондықтан, комиссияның міндеті - Шартқа экономикалық интеграция аясынан тыс ережелерді қоспау».

ҚР басшысы шекараны қорғау, көші-қон саясаты, қорғаныс және қауіпсіздік, денсаулық сақтау, білім және ғылым, қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерге құқықтық көмек көрсету сияқты бағыттар экономикалық интеграцияға жатпайтынын және оларды бұған қосуға болмайтынын атап өтті..