Құрылыс компаниялары Астанада тегін пәтерлер таратты

АСТАНА. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Астана әкімдігінде құрылыс компаниялары кембағал бала тәрбиелеп отырған отбасыларға пәтер кілттерін табыстады. Дәстүрге айналған қайырымдылық шараның салтанатты рәсімі елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қатысуымен өтті.

Акция аясында 10 құрылыс компаниясы өз еріктерімен баспанаға шын мұқтаж 11 отбасыға 1 және 2 бөлмелі пәтерлердің кілттерін табыстады. Бұл жолы дәстүрлі бастаманы «Астанапромстрой-М», «Allur auto Astana", "СК Құлагер», «АстанаТрейдинтернешнл», «АстанаСервисСтройМонтаж-01», «Алтын XXI", "Азия», «Астанастройинвест», «Центр КазЭнергоМонтаж», «Альянсстройинвест» сынды компаниялар қолдады.

И.Тасмағамбетовтің айтуынша, бизнесмендердің тарапынан қаржылық көмек болмағанда, қуана қоныс тойын тойлағалы отырған аталмыш отбасылардың ешқайсысының өз беттерінше баспана мәселесін қамдауға әлеуметтік жағдайы көтермейтін.

«Еліміз үшін әлеуметтік мәселе ең маңызды шаруалардың бірі. Осы жерге пәтерге ең мұқтажды жандарды жинап отырмыз. Жанұяларыңызда бір емес, екі баладан ауруға шалдыққан. Сондықтан, қиындықтардың барлығын түсіне отырып, осы Астанада Сіздер үшін пәтер мәселесі шешілмейтін болғандықтан, әкімдік кәсіпкерлерге соңғы 3-4 жылдың жүзінде осындай ұсыныс тастады. Олар бірауыздан қолдады. Өздерінің таңдауымен Сіздерге бүгін пәтер кілттерін табыстауда. Ең бастысы балаларыңыздың жылдамырақ аяқтарына тұрып кетіп, солардың азамат болғанын көруге жазсын», - деді Астана әкімі.

Жалпы алғанда, бүгінге дейін қайырымдылық шарасы аясында 60-тан астам отбасы баспаналы болды.

Қала әкімінің хабарлауынша, қазіргі уақытта Астанада 28 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр. Соңғы 5 жылда 4,5 мың адам мемлекеттік бағдарлама аясында баспанаға ие болған.