Құрылыс нысандарына жеткіліксіз қаржы бөлінуі оның қымбаттауына әкеп соғуы мүмкін

АСТАНА. 3 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Құрылыс нысандарына жеткіліксіз қаржы бөлінуі оның қымбаттауына әкеп соғуы мүмкін.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Болат Жылқышиев осылай мәлім етті.

«Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ленгер қаласының су жүйелері әбден тозығы жеткен, себебі олардың іске қосылғанына 50-60 жыл болған. Осы жағдайды ескере отырып, Үкімет 2010 жылы республикалық бюджеттен, құрылыс жұмыстарын бастауға 260 млн. 479 мың теңге бөліді. Биылғы жылы республикалық бюджеттен 39 млн. 744 мың теңге, облыстық бюджеттен 14 млн. 518 мың теңге, барлығы 54 млн. 262 мың теңге қаралып отыр. Нысанның маңыздылығын және нысан бойынша бекітілген сметалық құны 3 млрд. 473 млн. теңгені құрайтынын ескерсек, 2011 жылға бөлінген қаржының көлемі аз, қордаланған мәселелерді шешпейді», дейді депутат. Соған орай Б. Жылқышиев жылда бөлінетін қаржы көлемі аз болса, нысанның «сақалды құрылысқа» айналып кетуіне алаңдайды. Бұндай мәселе құрылыс құнының қымбаттауына әкеліп соғуын да алға тартады. «Нысан құрылысы құнының қымбаттауына жол бермеу үшін 2011 жылға 800,0 млн теңгенің бөлінуіне ықпал жасауыңызды сұраймыз»-, деді сенатор.