Құрылыс саласында Сараптама ұйымдарының палатасы іске кірісті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрылыс саласындағы кәсіби мамандардың көптеген талқылаулары нәтижесінде Сараптама ұйымдарының палатасы құрылып, іске кірісті. Осыған орай, «Мемлекеттік сараптама» мемлекеттік кәсіпорынының сараптамаларға қатысты жұмыстарының бір бөлігі бәсекелестік ортаға берілетін болады.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаеваның айтуынша, Елбасының тапсырмасына сәйкес, 2020 жылға дейін құрылыс саласындағы жобалау және жобалық-сметалық құжаттарды сараптау жұмысының 90 пайызы жекешелік ортаға берілетін болады.

«Былтырғы 2015 жыл бойына осы бағыттағы дайындық жұмыстары атқарылған болатын. Заңнамалық өзгерістер де жасалды. Желтоқсан айында ғана заң күшіне енді. Дегенмен, 2015 жыл бойы жекеменшік сараптамалар нарығы тоқтап қалды. Аккредитациядан өтіп, палата құрылмайынша, кәсіпкерлер шығынға батып келген болатын. Енді палата толыққанды жұмысқа көшіп отыр», - деді Ю. Якупбаева. Оның айтуынша, бүгінге дейін құрылыс саласындағы сараптама жасаушы ұйым ретінде 19 мекеме аккредитацияланған.