Ал бүгінде құрылыс қарқыны бәсеңдеп, бұл салада жұмыс істеп жүрген азаматтар саны да айтарлықтай азайды. Бірақ жұмыс барысында дене жарақаттарын алу, еңбек қауіпсіздігін сақтамаудың салдарынан адам өліміне жол берген жағдайлар саны азаяр емес. Бұл туралы бүгін Астана қалалық прокуратурасының алқа мәжілісінде елорда прокурорының бірінші орынбасары Серік Қараманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, елде сонымен қатар құзырлы органдардың құрылыс жұмыстары барысында қандай да бір бақытсыздыққа ұшыраған немесе дене жарақатын алған адамдарға байланысты қолданып отырған шаралар еліміздің заңдарына сәйкес емес. «Атап айтқанда, қазір осы мәселеге байланысты 30-дан астам адамдардың жағдайлары бойынша тиісті шаралар қолданылмай отыр деуге болады. Яғни жарақат алып ауруханаға түскен азаматқа өтемақы төлеу, оны осындай жағдайға жеткізген адамдарды жауапқа тарту жұмыстары талапқа сай емес. Ал шын мәнінде бұл істер мұқият зерттеліп, олардың шешілу жолдары қарастырылуы керек. Ал бұл міндетті орындап отырған органдарды көріп отырған жоқпыз. Бүгінде аталмыш мәселе өте өзекті болып отыр», деді прокурордың орынбасары.