Құрылыс саласындағы демпинг: Сапасыз үйлер қалай салынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылыс саласындағы заңсыздықтармен күресуге кірісті. Бүгін сарапшылар тобы арнайы зерттеудің нәтижесін жариялап, демпингке қатысты нақты мысалдарды да келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Палата төрағасының орынбасары Елдос Рамазановтың айтуынша, құрылыс саласы бойынша мемлекеттік сатып алуларды зерделеу кезінде бағаны әдейі төмендету, яғни баға демпингі анық байқалады.

«Біз 8 мың тендерді зерделеп шықтық. Сонда құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша демпинг 34 процентке дейін жетті. Ал жобалық-сметалық құжаттарды даярлау саласында аталған көрсеткіш 72 процентті құрады. Мәселен, «Казаxстанский Водоканалпроект» ЖШС Алматы облысының Талғар қаласындағы 300 орындық мектепті жобалау құнын 24 млн теңгеге дейін түсірген. Алайда ол жұмыстың өз бағасы 61 млн теңге болған. Сол сияқты Қарасай ауданында мектепке жапсарлас құрылысты жобалауға тендер жарияланды. 600 орынға есептелген нысанды жобалау жұмыстарына 54 млн теңге қарастырылған болатын. Ал «Проммедконтракт» ЖШС бағаны 26 млн-ға дейін түсіріп, тендерге кіріп алған», - деді Е.Рамазанов бүгін кәсіпкерлер құқығын қорғау және жемқорлыққа қарсы кеңестің отырысында.

Оның айтуынша, Астанада да баға демпингі бар. Мәселен, Ұлы Дала даңғылы (бұрынғы Хусейн бен Талал - авт.) бойында орналасқан тұрғын үйдің құрылысы бойынша теxникалық бақылаудың қызмет құны 41 млн теңге деп белгіленген болатын. Алайда «VEHI.KZ» ЖШС бағаны 17 млн-ға дейін түсіріп, тендерді оп-оңай алып кетті.

«Осының нәтижесінде ақша барынша үнемделеді. Жоба өзгертіледі, сапасыз материалдар сатып алынады. Кәсіби жұмысшыларды да тартуға мүмкіндік болмайды. Содан құрылыстың сапасы төмендейді. Сол себепті демпингтің шекті көрсеткішін тездетіп орнату қажет. Сондай-ақ, құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алулар бойынша типтік келісімшарттарды бекіткен жөн», - деп атап көрсетті Е.Рамазанов.