Құрылыс саласындағы техникалық реттеудің отандық жүйесі кешенді қайта құруды қажет етеді- С. Нокин

АСТАНА. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Құрылыс саласындағы техникалық реттеудің отындық жүйесіне кешенді қайта құру жүргізілуі қажет.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі күні агенттік құрылыс саласында техникалық реттеуді реформалауға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өйткені, бүгінгі таңда озық технологияларды, жаңа тиімді және ресурс үнемдейтін құрылыс материалдары мен бұйымдарын, құрылыс өндірісін басқарудың және ұйымдастырудың прогрессивті әдістерін енгізу жүргізілмей отыр. Бұдан басқа, құрылыс саласы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, еңбекті және адамдардың денсаулығын қорғауға, қоршаған ортаны қорғауға қойылатын заманауи талаптарға сәйкес келмейді. Сондықтан да саладағы техникалық реттеудің отандық жүйесіне кешенді қайта құру жүргізу талап етіледі», деді С. Нокин. Агенттік төрағасының айтуынша, реформаның дайындық кезеңі барысында отандық және шетелдік техникалық реттеу тәжірибелеріне талдау жүргізілген. Бұл ретте АҚШ, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия және Жапония сияқты елдер, сондай-ақ Еуроодақ мемлекеттерінің тәжірибесі де зерделеніп отыр.

«Бұндай шаралардың нәтижесінде экономикасы дамыған елдердің құрылыс заңнамасы, сәйкестікті бағалау, қадағалау және бақылау салаларындағы техникалық реттеу жүйелерінде барлығына тән жалпы қағидалар мен белгілер анықталды. Сонымен бірге саладағы реформаны тиімді жүргізу үшін дүниежүзілік тәжірибеде кеңінен таралған үлгілік құрылыс кодексін әзірлеу мәселесі де қарастырылуда», деді төраға.