Құрылыс саласының жандануы - қазақстандық экономиканың тарихындағы жаңа кезеңге бастау болып отырған алғашқы жетістіктер

АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Аманжол Нұрпейісов/ - Қазақстанда құрылыс саласы жандана бастады. 2009 жылдың І тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қорытындысы осындай,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қаңтар-наурыз айларында республиканың 7 өңірінде пайдаланылуға берілген тұрғын үйлер көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі деңгейден асып отыр. Бұл көрсеткіштер бойынша Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары мен Алматы қаласы көш басында келеді. Аталған аймақтарда тұрғын үй нысандарының берілу қарқыны сәйкесінше 43,1%, 30,4%, 12,4% және 14,1% пайызға өсіп отыр. Құрылыс саласының жандануы - қазақстандық экономиканың тарихындағы жаңа кезеңге бастау болып отырған алғашқы жетістіктер. Біріншіден, «үлкен құрылысты» жандандыра отырып, мемлекет 2007 жылы әлемдік ипотекалық дағдарыс басталғалы бері құлдырай бастаған жылжымайтын мүліктің отандық нарығына жаңаша серпін беруде. Екіншіден, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін өз сөзінде айтып өткендей, құрылыс саласы адамдарды жұмыспен қамтудың және халықтың іскерлік белсенділігін арттырудың қуатты генераторы болып отыр. Дәл осы салаға арқа сүйей отырып, шағын және орта бизнес те дамуда, жаңа жұмыс орындары құрылуда. Тағы бір айта кететін негізгі мәселе, құрылыс қарқынының артуы банктердің негізгі бөлігі жылжымайтын мүлікпен және ипотекамен байланысты несие қоржындарының сапасын жақсартуға сеп болады. Банктер сыртқы берешектерін қайтарып, нақты секторды толыққанды несиелеуге орала алады. Қазіргі жағдайда бұл міндетті олар үшін мемлекет атынан «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры атқарып отыр. Осылайша, экономиканы әртараптандыруға және бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруге бағытталған Қазақстанның стратегиялық бағыты оңынан жалғаса береді.