Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің 2011 жылғы қызметінің қорытындылары және 2012 жылға арналған міндеттері» деген тақырыпта өткен Үкімет сағатында депутат Сейітсұлтан Әйімбетов осылай мәлім етті.
«2010 жылмен салыстырғанда, құрылыстың негізгі көрсеткіштері «кешегіден бүгін жақсы» деген принциппен келтірілген. Әйтсе де, депутаттарды пайдалануға беріліп жатқан көп пәтерлі үйлердің құрылысы ғана емес, сапасы да алаңдатады. Тұрғындардан бізге келіп түсіп жатқан өтініш-хаттарының басым бөлігі тұрғын үй салушылардың «шалағай істеріне» қатысты болып отыр. Тұрғындар сапаның нашар болғандығынан терезені, есіктерді және тағы басқаларын ауыстыруға мәжбүр. Құрылыс материалдарының сапасы, құрылыс барысындағы кідірістер, құрылыс стандарттарының бұзылуы да сын көтермейді», - деді депутат С. Әйімбетов.
Осыған орай депутат құрылыс саласында жұмыс жүргізетін тұрғын үй салушы субъектілердің құрылысы жүріп жатқан үйдің тұрғындары алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін күшейтуі қажеттігін атап өтті. «Агенттік өз кезегінде құрылыс субъектілерінің осы жұмысты тиянақты орындауына әсер ететін жауапкершілік шараларын арттыруы керек», - деді депутат.