Құрылыс сапасы алдымен жобалауға байланысты - БҚО

None
ОРАЛ. 17 қараша. ҚазАқпарат - Құрылыс сапасы алдымен жобалауға байланысты. Бұл туралы БҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс және лицензиялау департаментінде ұйымдастырылған семинарда айтылды.

Семинар жұмысына қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкеновтің атап өткеніндей, бұл мәселенің маңызы зор. Өйткені елімізде ауқымды мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік және өндірістік нысандар салынуда. Ендеше, бюджеттен бөлінген қыруар қаржы тиімді әрі уақтылы игерілу үшін әу бастан нысанды сауатты жобалау шарт. Өкінішке орай, құрылыс барысында жобаның ақауларын қайта-қайта жөндеу оқиғалары әлі күнге тіркеліп отыр. Серік Шәпкенов департамент басшылығына осындай фактілер бойынша талдау жасап, сапасыз құрылыс салатындарға қатаң шара қолдануды тапсырды.

-Біздің мақсатымыз - бір-бірімізге кінә арту емес, өзара байланысты күшейту. Тапсырыс беруші, мердігер және жобалаушы қалыптасқан жағдайды бірлесіп шешулері керек. Ал негізгі мақсат - жоспарланған нысандарды сапалы салу, - деді Серік Жамбылұлы.

Семинар жұмысына отыздан аса жобалау ұйымдарының басшылары, мемлекеттік мекемелердің жетекшілері қатысты.

Мұндай шара енді тоқсан сайын өтетін болады.