Құрылыс секторы әрқашанда экономикада жетекші рөл атқарып келген және кез келген мемлекетте солай болып қала береді - Қ.Омаров

АТЫ. 2 наурыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Құрылыс секторы әрқашанда экономикада жетекші рөл атқарып келген және кез келген мемлекетте солай болып қала береді.

Бұл жөнінде ҚР Парламентінің Сенат депутаты Қайсар Омаров «KazBuild Spring 2011» және «WinTec Expo Kazakhstan 2011» құрылыс материалдар көрмесінің ашылу рәсімінде айтты.

«Дүниежүзілік экономикалық дағдарысқа қарамастан, бұл көрмеге 15 елден 157 компания қатысуда. Онда Иранның Сауда-өнеркәсіп палатасы бірінші рет қатысуда. Көрмеге қатысушылардың басым бөлігі құрылыс материалдарын өндіретін компаниялар болуы қуантарлық жағдай. Сондай-ақ бұл шара Қазақстанның барлық саласының дамуына әсерін тигізері сөзсіз», -дейді Қ.Омаров.

«Iteca» қазақстандық көрме компаниясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан көрмеге Әзірбайжан, Беларусь, Болгария, Германия, Иран, Испания, Қазақстан, Қытай, Польша, Ресей, Таиланд, Түркия, Өзбекстан, Украина, Чех республикалары атынан барлығы 157 компания қатысуда.

«Iteca» компаниясының атқарушы директоры Юрий Бородохиннің айтуынша, шараға қатысушылар тың материалдар мен қызметтер көрсетуге ұмтылуда. «Қатысушы компаниялардың бірі модулді құрылыс үшін шыны пластиктен жасалған панел мен басқа да инновациялық материалды ұсынуда», -дейді ол.

Сондай-ақ көрме аясында қалалық ортаны көркейту және оның ландшафты проблемаларына арналған «Қалалық ортаның жаңаша ландшафтық дизайны» атты дөңгелек үстелдер өткізіледі.

Аталған шараға ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы агенттігі мен Алматы қаласының әкімшілігі қолдау көрсеткен.