Құрылыс және жөндеу жұмыстарының арқасында 196 мың адам жұмысқа орналасты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 196 мың адам құрылыс және жөндеу жұмыстарының арқасында жұмысқа орналасты. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылған дағдарысқа қарсы арнайы бағдарлама - Жол картасы жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге және жұмыс орындарының сақталуына оң әсерін тигізді. Бүгінгі таңда Жол картасы аясында жаңа, күрделі және ағымдағы инфрақұрылым нысандарын салу бойынша 6,6 мың жоба іске асырылуда. 196 мың адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде жұмыспен қамту орталықтарының бағыттары бойынша шамамен 110 мың жұмыссыз азамат жұмысқа орналасты. Олардың ішіндегі 43 мыңнан астамы - жастар», - деп жазды Асқар Мамин депутаттық сауалға берген жауабында.

Оның айтуынша, Жол картасын іске асыру барысында 600-ден астам жаңа әлеуметтік, коммуналдық және көлік инфрақұрылымы нысандары пайдалануға беріледі. Бұл өз кезегінде 15 мыңға жуық жаңа тұрақты жұмыс орындарын құрады.

«Жоспарды іске асырудың нәтижесі ретінде сонымен қатар аралас салалардағы 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарының құрылуын атап өтуге болады. Сонымен қатар қазір инфрақұрылымдық жобаларды іске асырып, кәсіпкерлік бастаманы дамыту арқылы жұмыс орындарын құру бойынша шараларды күшейту мақсатында Жол картасының құралдарын жетілдірудің жаңа тәсілдері әзірленуде. Одан бөлек инфрақұрылымдық жобалар аяқталғаннан кейін тұрақты жұмысқа орналасу талаптары ескеріледі», - деп атап өтті Премьер-министр.

Асқар Маминнің хабарлауынша Үкімет Жол картасын 2021 жылы жалғастыруды көздеп отыр. Оның қаржылық тұрғыда қамтамасыз етілуі кезінде биылғы жүзеге асырылу тәжірибесі ескеріледі.

«Бұл бағыттағы жұмыс Үкіметтің ерекше бақылауында», - дейді ол.