Құрылыс жүргізген кезде табиғатты қорғау тәртібін сақтауға бағытталған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды ? Мәжіліс

None
АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат/Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қала құрылысын жоспарлаған, жер учаскелерін бөлген,
құрылысты жобалаған және салған кезде су қорғау және табиғат қорғау тәртіптерін сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда тұжырымдамалы түрде мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Индустрия және сауда министрі Владимир Школьниктің айтуынша, құжаттың негізгі мақсаты қала құрылысын жоспарлаған және құрылыс жұмыстарын жүргізген кезде табиғатты қорғау нормаларын қатаңдату болып табылады. Сонымен бірге, заң жобасында табиғи қорғалатын аумақтардағы елді мекендерде құрылыс салу үшін жер телімдерін бөлгендегі рұқсат беру шешімдерін жетілдіру шаралары қамтылатын болады. Бұдан басқа, аталмыш бағыттағы заң нормаларын бұзғандығы үшін әкімшілік жауапкершілікті нығайту шаралары көзделіп, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі арта түседі. «Жалпы алғанда заң жобасымен еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, Жер және Су кодекстеріне, «Мемлекеттік кәсіпорын туралы», «Шаруа қожалығы туралы», «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтыру енгізілді. Ал жобаны қабылдау қала құрылысын жоспарлағанда, жер телімдерін бөлгенде, құрылысты жоспарлағанда және салғанда су қорғау және табиғат қорғау тәртіптерін сақтау мәселелері бойынша нормативтік құқықтық базаны одан әрі жетілдіруге және тәртіпке келтіруге бағытталған», - деді В. Школьник. Жұмыс тобының отырыстарында депутаттар заң жобасына 120-дан астам ұсыныстар жасаған. Ал бұл ұсыныстарды талқылау барысында бұлардың 69-ы салыстырмалы кестеге енгізілді. Нәтижесінде депутаттар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жасыл екпелерді жойғаны және бүлдіргені үшін жауапкершілік белгілеуге, жер телімдеріне құқық беру жөніндегі ережелерді нақтылауға бағытталған өзгерістер жасалды. Заң жобасы тұжырымдамалы түрде бірінші оқылымда мақұлданып, екінші оқылымға әзірлеу үшін Бас комитетке тапсырылады.