ОРАЛ. ҚазАқпарат - Құрылысқа қатысты барлық тендерлік шараларды осы айдың аяғына дейін бітіру керек. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен кеңесте өңір басшысы Нұрлан Ноғаев мәлім етті.
«Өткен жылы көптеген жұмыстар атқарылды. Бұл ретте қаржы саласы, барлық мемлекеттік бағдарламаларды орындауға қатысушылар жақсы жұмыс жасады. Биыл осы қарқынды төмендетуге болмайды. Сондықтан барлық тендерлік шараларды ақпанда тәмамдап, ал наурыздың соңы мен сәуірдің басында күн жылынысымен құрылысшылар іске кірісуі керек. Бұл жол жөндеуге де, құрылысқа да қатысты. Биыл сонымен қатар Бөрлі ауданында Березов пен Бестау ауылдарынан көшірілетін тұрғын үйлер де жыл аяғына дейін салынып бітуі тиіс», - деді әкім.
ҚР Ұлттық банкі Батыс Қазақстан филиалының директоры Ғалия Сатыбалдинаның мәлім еткеніндей, қаржы жылы ашылды, төлем төлеуде ешқандай кідіріс болмайды.
Айта кетейік, биыл өңірде 6,6 млрд. теңгеге 136 км автожолдар жөнделмекші. Сондай-ақ Оралға қарасты Зашаған кентінде 8 тоғыз қабатты үйді салуға 5 млрд. астам теңге, оларға инженерлік-коммуникациялық желілерді тартуға 2 млрд. астам теңге бөлініп отыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).