Құрылысшы мамандығы асқан жауапкершілік пен шеберлікті қажет ететінін түсіндім ? Р.Рымбаева

None
АСТАНА. Мамырдың 16-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Құрылысшылардың жұмысы қаншалықты ауыр екенін бүгін оны өз басымнан өткергеннен кейін түсіндім. Бұл ойын бүгін «Астананы бірге саламыз!» акциясына қатысқан ҚР халық әртісі Роза Рымбаева білдірді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Акция «Хан шатыры» сауда ойын-сауық кешенінің алдында еліміздің музыка, кино және спорт саласындағы, барлығы 70-ке жуық жұлдыздың қатысуымен өткен митингіден бастау алды. Одан кейін өнер иелері белгіленген кестеге сәйкес Астанада бой көтеріп жатқан 20 нысанның құрылысына аттанды. Атап айтсақ, Роза Рымбаева мен Иван Бреусов жаңадан бой көтеріп жатқан перзентханада, Илья Ильин мен «Астана KZ» Ұлттық құрама командасы 30 мың орынға арналған жабық стадионда, Ділназ Ахмадиева мен Дәулет Тұрлыханов шаңғы стадионында, Батырхан Шүкенов пен Әлия Жүсіпова «М-3» көпірінде жұмыс істеді. Қазақстанның бас қаласының құрылысына өзіндік үлесін қосамын дегендердің арасында сондай-ақ, Нұрлан Абдуллин, Досқан Жолжақсынов, «МузАРТ», «Ринго», «Үркер», «ДосМұқасан» топтары, Әлібек Дінішев, Сергей Әзімов, Талғат Теменов, Болат Аюханов және тағы басқалар болды. Сырлау және қабырғаны тегістеу жұмыстарын жасаған Р.Рымбаева: «Мен бүгіннен бастап құрылысшы мамандығына аса құрметпен қарайтын боламын. Өйткені, бұл мамандық үлкен жауапкершілік пен шеберлікті қажет ететінін түсіндім», - деді. Ал ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жан Байжанбаевтың айтуынша, құрылысшы мамандығы оған таңсық емес. «Себебі мен 25 жыл бұрын Сібірде құрылыс әскерінде қызмет атқардым. Сондықтан құрылыстың қыр-сырымен жете таныспын», деді ол.Акция соңында «Тәуелсіздік» сарайында журналистерге арналып баспасөз мәслихаты өткізілді. Бүгін кешкісін Б.Момышұлы саябағындағы амфитеатрда жұлдыздардың қатысуымен шеру өтіп, гала-концерт болады.