ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылорда облысының Қазалы ауданында құрылыс нысанында екі адамның мерт болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Онда еңбектi қорғау қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет жағдайы көрсетілген. Сарапталамалар тағайындалды, оқиғаның мән-жайлары анықталуда», - деп мәлім етті Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Ведомстводан мәлім еткендей, құрылысшылар абайсызда биіктіктен құлап кеткен. Олардың бірі оқиға орнында көз жұмса, екінші жұмысшы ауруханада қайтыс болған.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, қайғылы оқиға Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентіндегі құрылыс нысандарының бірінде 29 қазанда сағат 16:30 шамасында болды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.