Құрылысы 7 жыл тоқтап тұрған онкологиялық диспансер қайта салынып жатыр

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтаудағы онкологиялық диспансер құрылысы қайта жанданды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрылысы 2008 жылы басталған онкологиялық диспансердің бюджеті тым қымбатқа бағаланып, мемлекеттік қаржыны ықшамдау бағдарламасына сәйкес, 2011 жылы тоқтаған болатын. Енді, міне араға жеті жыл салып, нысан құрылысы жалғасуда. Жоба қаражатын жер қойнауын игеруші компания көтеріп отыр.

Халықаралық талапқа сай ғимарат құрылысы 2019 жылдың соңында аяқталады. Нысан 6 қабаттан тұрады. Күндізгі ем-шарадан бастап, химия, сәуле терапиясы, хирургия бөлімдері болады. Жоба құны - 7 млрд 309 млн теңге.

«Бұл қаржының ішінде құрылыстан бастап, медициналық құрал-жабдықтарға дейін - барлығы қарастырылған. Қаржыландырып отырған - «НКОК» компаниясы. Тек қана онкология саласында емес, басқа салаларда да диогностикалық, басқа да емдеу шараларын жүргізетін үлкен бір орталық болады деген сенімдеміз. Күндізгі стационардан басқа, 100 төсекті орын болады. Сәулемен емдеу дигностикалау орталығы жұмыс істейді»,-дейді облыстық онкологиялық диспансердің директоры Нұрлан Жариев.