Құс тұмауының таралуына байланысты қазақстандық туристерге ескерту жасалды

АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚР ИЖТМ Туризм индустриясы комитеті туроператорлар мен турагенттерге А(H5N1) вирусты тұмауымен ауырып жатқандардың саны бірқатар елдерде артып бара жатқаны туралы ескертеді.

Әлемдік ақпараттық агентіктерінің мәліметі бойынша, Вьетнамда, Индонезияда, Египетте, Камбоджа мен Қытайда құс тұмауы ауруымен ауырғандардың саны көбеюде.

«Осыған байланысты, ҚР ИЖТМ Туризм индустриясы комитеті туроператорлар мен турагенттерге, жоғарыда аталған елдерге барғалы жатқан туристерге қажетті сақтық шаралары мен жеке тазалық ережелерін сақтау туралы хабар таратуға кеңес береді», - делінген таратылған мәліметтерде. Сонымен қатар базарлар мен су қоймаларындағы құстардан аулағырақ жүру, тамақтану үшін құс еттері мен жұмыртқаларын рұқсат етілмеген сауда орындарынан алмау керектігі ескертілді.