Құс жолынан бөгде галактиканың ізі табылды: ғалымдар оған ерекше ат қойды

АСТАНА. KAZINFORM – Ғалымдар миллиардтаған жыл бұрын Құс жолы галактикасы жұтып қойған ежелгі ергежейлі галактиканың қалдығы болуы мүмкін 20 жұлдызды анықтады, деп хабарлайды DW .

Фото: DW

Федерико Сестито бастаған зерттеушілер металдарға кедей жұлдыздар тобын зерттеген. Бұл жұлдыздардың химиялық құрамы өзара ұқсас болғанымен, айналасындағы жұлдыздардан айтарлықтай ерекшеленеді.

Жұлдыздар Құс жолының негізгі дискісінде орналасқандықтан, ғалымдар оларды галактика өте ерте кезеңде жұтып қойған болуы мүмкін деп есептейді.

Компьютерлік модельдеу нәтижесінде металдарға кедей бұл жұлдыздардың ежелгі жүйенің «қалдығы» болуы ықтимал екені анықталған.

Ғалымдар жаңа жүйені скандинав мифологиясындағы құдайдың құрметіне «Локи» деп атады.

Ғалымдардың мәліметінше, Құс жолының жасы шамамен 13 миллиард жыл. Қазіргі көлемі мен пішініне ол шағын галактикалар мен жұлдыз шоғырларын жұту арқылы да жеткен.

Еске сала кетсек, бұған дейін адамның Венераға ұшуы неге мүмкін емес екенін жаздық.