Күш атасы Қажымұқан көтерген балуан тастар

Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейінде күш атасының үлкенді-кішілі 8 балуан тасы сақталған.

«Қазақ күшінің картасы» жобасы аясында өтіп жатқан «Балуан тас сапары» экспедициясы аталған музейге келіп, қазақтың күш өнерін әлемге танытқан өзгеше батыр бабамыздың көтерген тастарымен танысты.

Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы

- Мұнда қара күш иесі Қажымұқан атамыздың арнайы көтерген тастары, жаттығуда пайдаланған және ел аралап өнер көрсеткенде білегінде ойнатқан түрлі алып тастар, сондай-ақ кеудесіне қойып, балтамен ұрып сындырған тастардың бөліктері сақталған. Музей қорында ең төмені 32 келіден 600 келіге дейінгі кір тастары мен таудың тығыз тастары бар, – дейді музейдің бөлім басшысы, балуанның шөбересі Ескермес Меруерт Асылханқызы.

Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы

Оның айтуынша, құнды жәдігерлердің әрқайсысының өзіндік аңызға бергісіз тарихы бар.

Кір тастары

Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы

Қажымұқанның жаттығу жасаған кір тастары – музей қорындағы ең алғашқы тіркелген жәдігерлердің бірі әрі бірегейі. Екі дана кір тасының бірі – кәдімгі қалыпты үлгідегі, палуанның жастық шағында пайдаланған, салмағы 32 келілік тас. Тастың бір бетіне бедерлі «1895 ж.» деген жазу қашалған.

Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы

Екінші кір тас – салмағы 48 келі. Ол кәдімгі тау тасынан қашалып, қажетті деңгейдегі салмақта арнайы жасалған. Бұл тасты палуан қартайған шағында жаттығу мен өнер көрсету кезінде пайдаланған.

Бөлшек тас

Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы

Қажымұқан палуан Ұлы Отан соғысы жылдарында ел аралап өнер көрсеткенде шалқасынан жатып, көкірегіне шамамен 180–200 келі тартатын ауыр тастарды қойып, ұсталардың үлкен кувалдаларымен ұрып сындырған. Сол тастардың ұшып түскен бір бөлшегі бүгінге жеткен. Бөлшек тастың салмағы шамамен 25–30 келі.

Салмағы 350 келілік томбы тас

Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы

Бұл тас 1946 жылы Қажымұқан ата көтерген. Түлкібас ауданы Үрбұлақ ауылынан әкелінген, салмағы 350 келі. Әлімқұл Бердіқұл қарияның үйінен алынған.

Салмағы 130 келілік диірмен тас

Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы

Түлкібас ауданы Үрбұлақ ауылының тұрғыны Бекбауова Жаңыл апаның шаңырағында сақталған. Бұл – балуанның 1946 жылы ел арасында өнер көрсеткен кезде лақтырған тасы.

550 келілік қызыл диірмен тас

Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы

Қызыл-Сеңгір ауылында Қажымұқан атаның өзі көтерген тас. Ол ауыл тұрғыны Қалмұрзаев Даниярбек Исманұлының үйінің ауласында сақталған. Балуан бабамыз жалғыз өзі көтерген бұл тастың ауырлығы соншалық, оны 6–7 ересек ер адам жабылып жүріп көлікке әрең тиеген.

630 келілік ақ диірмен тас

Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы

Бұл тас 1944–1946 жылдары Қажымұқан палуан Бөржар ауылында өнер көрсеткен кезде көтерілген. Кейін сол ауылдағы Жолдыбай қарияның ауласында сақталған.

Салмағы 480 келілік Баянауылдан келген тас

Фото Ризабек Нүсіпбекұлы

2018 жылдың тамыз айында Ордабасы ауданының тумасы, Баянауыл өңірінде мемлекеттік қызметте жүрген Қуанышбек Әбдуғаппарұлы «Туған жерге тағзым» бағдарламасы аясында Қажымұқан музейінен алып келген.

1921 жылы палуанның ұста досы Сүбектің өтінішімен Қажымұқан ауыл сыртындағы ауыр тасты көтеріп, досының үйінің ауласына жеткізіп берген. Кейін Сүбек ұста оның салмағын өлшеп, бетіне өлең жолдары мен жылын қашап жазып, естелікке қалдырған. Қуаныш Әбдуғаппарұлының айтуынша, бұл тас – сол түпнұсқа жәдігер.

Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы

Айта кетейік, Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы «Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейі» «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолы бойында орналасқан.

Жаңартылған музей экспозициясында қазақ халқының даңқты перзенті, әлемге әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі мен спорттағы жетістіктері кеңінен қамтылған. Мұнда тарихи құжаттар, сирек фотосуреттер мен құнды жәдігерлер ұсынылған.

Экспозицияның көрнекті тұстарының бірі – Қажымұқанның Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға сыйға тартқан ұшағының макеті, 1938–1943 жылдары тұрған үйінің макеті, сондай-ақ оның киіз үйі. Бұл жәдігерлер келушілерді өткен ғасырдың тарихи кезеңіне жетелеп, ұлт перзентінің ел үшін жасаған еңбегін терең сезінуге мүмкіндік береді.

Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы

Еске сала кетейік, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Балуан тас сапары» экспедициясы – қазақтың дәстүрлі күш мәдениетін зерттеуге, балуан тастарды жүйелеуге және оларды ұлттық мұра ретінде заманауи айналымға енгізуге бағытталған мәдени-танымдық жоба. Жоба авторы – күш мәдениетін зерттеуші Абылайхан Қалназаров.

Осыған дейін Қажымұқанның қанжары Ұлттық музей қорына табысталғаны туралы жаздық.