Қарапайым қала тұрғындары тәртіп сақшыларымен бірге астаналықтардың тыныштығын күзетуде. Олар әкімшілік ғимараттар мен әлеуметтік маңызды нысандарды бұзақылардан қарауылдап тұр.
Еріктілердің қатарында спортшылар, кәсіпкерлер, ұстаздар, дәрігерлер мен волонтерлер бар. Барлығы 500-ге жуық.
«Біз қала тыныштығын күзету үшін өз еркімізбен шықтық. Осындай қиын сәтте бәріміз бірлікке келіп, бір-бірімізге көмектескеніміз дұрыс. Бәріміздің отбасымыз бар, баламыз бар. Біз солардың ертеңін ойлауымыз керек. Патриот болайық, ел тыныштығын бірігіп қорғайық», - дейді елорда тұрғыны.
Сондай-ақ, жиналғандар бұзақылық пен лаңкестікке қарсы екендіктерін жеткізді.