«Мемлекеттің тұрақты дамуы біртұтастық пен бейбіт өмір кезеңінде орын алатыны анық. Ел Президенті халықтың конституциялық құқықтарын қорғай отырып, бірқатар іс-шараны қолға алды. Елдегі жағдай біртіндеп тұрақталып, террорлық әрекетке барып жатқан содырлардың заңсыз қимылдарына тосқауыл қойылуда», - деді профессор.
Ғалым кез келген бастама сауатты, бейбіт жолмен, келісім мен сұхбаттастық арқылы орын алғанда ғана тиісті нәтиже беретіндігін баса айтады.
«Мемлекет мүлкінің, халыққа қажетті стратегиялық нысандардың бүлінуі – бұл бюджетке келтірілген шығын. Қазіргі аумалы-төкпелі заманда, пандемия салдарынан болып жатқан экономикалық шығындар контексінде мұндай іс-әрекеттерге жол бермеуіміз керек. Бүгінде бізге керегі – еліміздің біртұтастығы, бейбіт өмір, экономикалық жағдайдың жақсаруы. Кез келген сын-қатерден бірлесіп және мемлекеттік мүддені жеке бас мүддесінен биік қоя отырып қол жеткізе аламыз», - деді Айнұр Құрманәлиева.