Кушнер мен Нетаньяху Газа мәселесі бойынша екі жұмыс тобын құруға келісті

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президентінің кеңесшісі Джаред Кушнердің Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бастаған делегациямен кездесуінің қорытындысы бойынша Газа мәселесіне қатысты екі жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Анадолы .

Фото: Anadolu

Израиль премьер-министрінің кеңсесі таратқан мәлімдемеге сәйкес, Нетаньяху мен Газа жөніндегі Бейбітшілік кеңесі өкілдерінің келіссөздері «сындарлы» жағдайда өткен.

Тараптар екі жұмыс тобын құруға келісті. Бірінші топ Газаны қарусыздандыру мәселесімен айналысады. Израиль мен Бейбітшілік кеңесі бұл үдерісті барынша тез жүзеге асырып, Газа секторын қалпына келтіру жұмыстары басталғанға дейін қаруды тапсыруды аяқтауды көздеп отыр.

Екінші жұмыс тобы санитарлық жағдай, таза сумен қамтамасыз ету және Газа тұрғындарының қоғамдық денсаулығына қатысты басқа да мәселелерді қарастырады.

Израильдік бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, кездесудің негізгі мақсаты Газадағы келісімнің «екінші кезеңіне өту» үдерісін ілгерілету болған. Алайда Джаред Кушнер мен Биньямин Нетаньяху делегациялары көптеген мәселелер бойынша ортақ келісімге келе алмаған.

Израильдің мемлекеттік телеарнасы KAN мәліметінше, Кушнер мен Нетаньяху арасындағы кездесу төрт сағатқа созылған.

Тараптар Газа бойынша келісімді ілгерілетуге қатысты бірқатар мәселеде уағдаласқан. Ал ХАМАС-ты қарусыздандыру мәселесінде ұйым қаруын палестиналық технократтардан құралған Газаны басқару жөніндегі ұлттық комитетке емес, америкалық қолбасшы Джаспер Джефферс басқаратын Халықаралық тұрақтандыру күштеріне тапсырады деп шешілген.

Сонымен қатар көптеген мәселеде келісімге қол жеткізілмеген.

Бұған дейін жексенбі күні өткен кездесуде ХАМАС өкілдері Кушнерге Газа секторын қарусыздандыру және демилитаризациялау үдерісін бастауға дайын екенін мәлімдеген.