Күшті найзағай Торонтоның ондаған мың тұрғынын жарықсыз қалдырды

АСТАНА. KAZINFORM - Канаданың ең ірі қаласы Торонтоны күшті найзағайлы дауыл басып, ондаған мың үй электр қуатынсыз қалды. Сондай-ақ жолдарды су басып, Пирсон әуежайының жұмысы бұзылды, деп хабарлайды Al Jazeera .

Фото: Al Jazeera

Басылымның мәліметінше, 2 қыркүйек күні кешке шамамен 45 мың тұтынушы электр қуатынсыз қалған.

Қалада су тасқыны мен құлаған ағаштарға байланысты жолдар жабылды. Олардың қатарында ірі Don Valley Parkway магистралі де бар. Су тасқыны Ист-Йорк ауданындағы Michael Garron Hospital ауруханасының жедел жәрдем бөлімшесіне де әсер етті.

Торонто қаласының мэрі Оливия Чоу қалалық жедел әрекет ету орталығы 2 қыркүйек күні таңертең іске қосылғанын хабарлады. Коммуналдық қызметтер құлаған ағаштар, үзілген электр сымдары мен су басу салдарын жою жұмыстарын жүргізді.

Қолайсыз ауа райы Торонто Пирсон әуежайының жұмысына да кедергі келтірді. Кешкі ондаған рейс кейінге шегерілді немесе тоқтатылды.

Канада метеорологиялық қызметі Үлкен Торонто аумағында күшті найзағайға байланысты жарияланған қызғылт сары ескертуді алып тастады. Сонымен қатар Онтарионың оңтүстік-батысындағы жекелеген аудандарда аптап ыстық пен қауіпті найзағайға байланысты сары ескерту күшінде қалды.

Еске салайық, бұған дейін Қытай тайфунға байланысты 83 мың адамды эвакуациялаған.