Британиялық саясаткердің сөзінше, мемлекет Еуропа Кеңесі Венеция комиссиясының ұсыныстарын жүзеге асыруда айтарлықтай жетістіктерге жеткен. Айта кетейік, аталған ұйым ұлттық заңнаманың демократиялық стандарттарға сай келуін бағалайды.
— Қазақстан толыққанды демократиялық мемлекет құру жолында сенімді ілгерілеп келеді. Республика Венеция комиссиясының ұсыныстарын орындауда маңызды қадамдар жасады, — деді Еуропа Кеңесі Парламент ассамблеясының Ұлыбритания атынан мүшесі Майкл Джерман.
Оның айтуынша, конституциялық реформа бұл үдерістегі маңызды кезең болды. Ол парламент рөлін және билік тармақтары арасындағы теңгерімді күшейтеді.
— Конституциялық реформа да — маңызды қадам. Соның арқасында парламент күшейеді. Ал атқарушы билік құзіретін бақылаусыз және бекітусіз қолдана алмайды, — деді сарапшы.
Лорд Джерманның пікірінше, келесі кезең — заңнамалық органның құзіретін іс жүзінде жүзеге асыру.
— Алдағы бірнеше айда парламент жаңа құзіреттерін қалай пайдаланатыны түсінікті болады. Парламенттің комитеттері қаншалықты тиімді жұмыс істейтіні және заң шығару үдерісінде парламент бақылауы қалай құрылатыны да маңызды мәселе, — деді ол.
Сонымен қатар, реформалардың сәтті болуы қабылданған шешімдерге емес, олардың іс жүзіндегі нәтижелеріне байланысты.
— Тиімді жүзеге асырылса, бұл құзіреттер үкіметтің алдағы бағытын қалыптастыруға ықпал етеді. Реформалар мемлекет мүддесі үшін үкімет жұмысына қажетті бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған. Парламент қызметінің арқасында шын мәніндегі өзгерістер орын алса, реформалардың жемісті болғанын білдіреді, — деді британиялық сарапшы.
Айта кетейік, бұған дейін конституциялық реформа Қазақстанның саяси жаңаруына жол ашатынын жазғанбыз.