ОРАЛ. KAZINFORM — Қолайсыз ауа райына байланысты Оралға келуі тиіс рейстер екі күннен бері кешігіп не тоқтатылып жатыр.
«Орал халықаралық әуежайы» ЖШС-ның баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, кеше 5 рейс болса, соның үшеуі тоқтатылған еді.
Бүгін 4 рейстің біреуі келмейтін болды. Атап айтқанда, желдің екпіні секундына 17 метрге дейін жетуіне байланысты Атыраудан түске дейін келуі тиіс рейс тоқтатылды.
«Air Astana әуе компаниясының кеше тоқтатылған 319/937 Майндағы Франфурт-Астана-Орал рейсінің бүгін де ұшпайтыны жөнінде хабар келді. Ал 7365 Астана-Орал рейсі уақтылы деп тұр, бірақ белгісіз. Өйткені Астанада да жел күшейген. Сондай-ақ Алматыдан келетін 881 және 7165 рейстері кешігіп жатыр», деді А.Сақпосынова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында қатты желге байланысты ұшақтар кешігіп жатқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Батыс Қазақстанда қолайсыз ауа райына байланысты 11 жол бөлігі жабық тұр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).