Күшті жел ШҚО-да 1300 абонент жарықсыз қалдырды, БҚО-ның 3 ауданында үйдің және басқа да мекемелердің шатырларын ұшырып әкетті
деп хабарлады ҚР ТЖМ-нің баспасөз қызметі.
Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданында, Самар ауылында 1 шілде күні сағат 16.15-те 18 м/с (кейде 30 м/с-қа дейін) жылдамдықпен соққан екпінді желдің, найзағайдың салдарынан ағаштар сынып, электр өткізу жүйелерінің қосыны зақымданған. 50 шаршы метр аумақта ауылдық мәдениет үйінің және жекеменшік 6 үйдің шатырын жел ұшырып әкетті.
Соның салдарынан 1300 абонент жарықсыз қалды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. 3 шілденің сағат 06.00-гі жағдайы бойынша 100 абонент әлі де жарықсыз қалуда. Орын алған төтенше жағдайды жоюға «ШҚ РЭК» АҚ-ның бригадасы жұмылдырылды. Материалдық шығынды анықтау мақсатында аудандық комиссия жұмыс істеуде.
Батыс Қазақстанның Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарында 1-2 шілде аралығында 17-22 м/с-қа (кейде 25 м/с-қа дейін) жеткен екпінді желдің, жаңбыр мен найзағайдың салдарынан үйлер мен басқа да мекемелердің шатырларына зақым келтірілді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Материалдық шығынды анықтау мақсатында аудандық комиссия жұмыс істеуде.