Құстарды суретке түсіргенді ұнатамын – атыраулық әуесқой фотограф

Фото: Фото: Филипп Циплёнковтың жеке мұрағатынан

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атыраулық Филипп Циплёнковтың мамандығы фотограф емес. Ол мұнай тасымалдайтын компания жұмыс істейді. Бірақ табиғаттың әсем көріністерін, әсіресе құстарды суретке түсіруді ұнатады. 

– Құстарды суретке түсіруге әуестік неден басталды?

– Бірнеше жыл бұрын жергілікті табиғат жанашыры Юлия Вахмистрова өткізген экскурсияға қатысқан едім. Сол кезде Атыраудың табиғаты әсем екеніне көз жеткіздім. Бұрын оған мән бермей жүрдім. Әдетте күн сайын торғайды, көгершін мен қарғаны жиі көреміз ғой. Бірақ одан өзге де құстардың бар екенін ескере бермейміз. Ал өзге құстар қаладағы биік үйлердің алдында жүрмейді. Қос қанаттыларды көру үшін табиғат аясына жиі шығатын болдым. 
Әсіресе Жайық өзенінің жағалауына жиі барып жүрмін. Өйткені су айдынының жағалауы сан алуан құстың базарына айналады. Аққу да, қоқиқаз бен аққұтан да келеді. Бұл менің қызығушылығымды оятты.

– Табиғаттың әсем көрінісін суретке түсіріп жүрсіз бе?

– Әр адамның ұнататын нәрсесі бар ғой. Біреулерге табиғат аясында серуендегенді ұнауы мүмкін. Кейбіреулер балық аулағанды қалайды. Ал мен құстарды суретке түсіргенді ұнатамын. Өйткені құстардың өзіндік әлемі, мінезі бар. Құстар да – тіршілік иесі. Табиғаттың құстарсыз сәні болмайды ғой. Құстарды түсіру арқылы Атырау табиғатының әсем екенін көрсетіп жүрмін. 

Фото: Филипп Циплёнковтың жеке мұрағатынан

– Әуесқой фотографқа құстарды суретке түсіру қандай қиын емес пе?

– Әдетке адамның әрекеті болсын, немесе табиғат көрінісін суретке түсіру оңай емес. Оның үстіне мен – әуесқой фотограффын. Суретке түсіру – менің хоббиім. Ал құстарды суретке тарту үшін үш қағиданы берік ұстанған жөн. Бұл – сақтық, шыдамдылық, жеделдік. Сақтық дейтін себебім, құстарды үркітіп алмау қажет. Сәл сыбдырды естісе, ұшып кетуі мүмкін.

Фотоаппаратымды дайындап, оңтайлы сәтті күтуге тура келеді. Оңтайлы сәтті күту бірнеше минутқа созылады. Кейде орнымнан қозғалмай, сағаттап отырамын. Құстардың әр қимылын қызықтаймын. Қанаттылардың да әртүрлі мінезі бар. Бірі бір орнында ұзақ тұрмай, үнемі ұшып жүреді. Ал енді біреуі орнынан қозғалмай, демалғандай болып отырады. Сондай кезде шыдамды болуға тырысамын. Қанатын қомдаған, түрлі жәндікті тістеген сәтін түсіру үшін жеделдік керек. 

Фото: Филипп Циплёнковтың жеке мұрағатынан

– Суретке түсіруге шықпас бұрын жоспар құрасыз ба? 

– Нақты жоспар құрамын дей алмаймын. Бірақ табиғат аясына шығар алдында тыңғылықты дайындаламын. Ең бастысы – әлеуметтік желідегі достарыма әдемі сурет ұсыну. Оның саны қанша болғанын білмеймін. Алайда суреттерді әлеуметтік желіге жазылушылар қатарын арттыру үшін емес, табиғатқа сүйіспеншілікті арттыру мақсатында жүктеймін. 

– Аңдарды түсіріп көрмедіңіз бе, әлде кездеспей жүр ме?

– Құстарды ғана түсірумен шектелгім келмейді. Алдағы уақытта түлкі, қасқыр секілді аңдарды түсіруді ойластырып жүрмін. Осындай дала аңдары күшіктерімен кездессе, тіпті жақсы болар еді. Бірақ далаға шығудың реті болмай жүр. 

Фото: Филипп Циплёнковтың жеке мұрағатынан

– Өзіңіз түсірген суреттерді көрмелерге ұсынып көрмедіңіз бе?

– Құстардың суретінен күнтізбе жасайтын шығармын. Ал көрмелерге, не байқауларға ұсыну туралы ойлаған жоқ едім. Мұндай іс-шараларға қатысу үшін тәжірибе жинау, суретке түсіру шеберлігімді шыңдау қажет. Бәлкім, оған әлі ертелеу шығар. Алайда болашақта көрмелерге ұсынуға болатын шығар.

Фото: Филипп Циплёнковтың жеке мұрағатынан

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Қазақстанда неше қызғылт қоқиқаз бар екені жазылған.