Құтқару қызметі Қапалда қаза тапқандардың мүрдесін іздеу жұмыстарын жүргізуде (ФОТО)

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Сағат 08.20-да Алматы облысы ТЖД ЖҚҚ мен Алматы облысы ІІД қызметкерлері құрамында іздеу тобы ЭБЖ маңындағы апатқа ұшыраған тікұшақ корпусының сынықтарын тапты.

Қазір қаза тапқандардың мүрделері іздестірілуде. Сағат 10.20-да 5 адамның мүрдесі табылды. Апат орны Қапал ауылына қарай бұрылыстан 3 шақырым және Талдықорғанға қарай 1 шақырым жерде.

Алматы облысы ТЖД-да «Жедел желі - 8 7282 22 04 60» ашылды. 102 қоңырау шалынды. В.Т. Кондратюк туыстарынан - 21 қоңырау, Г. Хамитова туыстарынан - 13, Б. Қайсанова туыстарынан - 13, Қ. Әбілқасым туыстарынан - 28, азаматтар мен БАҚ өкілдерінен 27 қоңырау шалынды.

Еске салсақ, 2016 жылғы 27 қаңтарда сағат 17.17-де Алматы облысы ТЖД бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметіне Астана қаласы іздеу және құтқару кезекші үйлестіру орталығынан Алакөл ауданы Үшарал ауылынан сол күні Талдықорған бағытына ауырған баланы ауруханаға апару үшін «Аспан» АҚ-ға тиесілі MD-600 тікұшағы 15.45-те ұшқаны жайлы хабарлама түскен.

Санавиация және Астана АҚ өкілдерінің деректеріне сәйкес тікұшақта 5 адам болған.

Бортпен байланыс 16.55-те жоғалған, борт соңғы пунктіне шартты уақытта келген жоқ, деп хабарлады ТЖК баспасөз қызметі.

ҚР ІІМ бұйрығы бойынша оқиға орнында іздеу жұмыстарын жүргізу үшін Талдықорған қаласынан, Қарабұлақ кентінен, облыстың ІІД-ден жоғары өнімді техника, 3 өрт сөндіру бөлімі, 2 аудандық бөлім қызметкерлері, облыстың ТЖД жедел құтқару жасағының құтқарушылары жіберілді. Күштер мен құралдарды тарту жоспарына сәйкес ҚР ҚМ Талдықорған гарнизоны мен ҚР ІІМ Ұлттық Гвардиясының әскери бөлімі, ауыл әкімдері, полиция учаскелік пункттері, шалғай қыстақтар хабардар етілді.

19.30-да Ескелді ауданы Ақын Сара ауылы ауданында облыс ТЖД командалық-штаб базасында іздеу-құтқару жұмыстарының жедел штабы құрылды.

18 іздеу тобы ұйымдастырылды. Іздеуге 500 адам, 70 бірлік техника тартылды.

Ескелді ауданы әкімдігі 100 адамға тамақтану пунктін мектеп пен балабақшада жеке құрамға жылынатын орын әзірледі.

Ауа райына келсек, Ескелді, Ақсу аудандарында қар, жел, жол дұрыс көрінбейді, іздеу жұмыстары күрделі жағдайда өтуде.