Құтқарушы видеолары арқылы көпшілікке Қарқаралы табиғатын паш етіп жүр
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының тумасы Олжас Төлеубектің шығармашылыққа еш қатысы болмаса да, соңғы бірнеше айда ол туған өлкесі жайлы әдемі бейнероликтер түсіріп, оны танымал етуге зор үлесін қосып келеді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Олжас Қарқаралы қаласының №16 өрт сөндіру бөлімінде бөлімше командирі қызметін атқарады. Жасы 31-де, отбасын құрып, бір бала тәрбиелеп отыр.
Мектеп бітірген соң Қарағанды Жоғары политехникалық колледжін «құтқарушы» мамандығы бойынша бітірген. Қолына дипломын алған бетте, туған ауылына оралған. Бірнеше жылдан бері оқыған мамандығы бойынша қызмет атқарып келеді.
Қарқаралының қалың ормандары мен асқар тауларын көріп өскен Олжас бұл сұлулықты қалайша көпшілікке көрсетсем екен деп ойланғанына біраз болыпты. Осыдан бірнеше ай бұрын сол арманын жүзеге асырмақшы болып, квадрокоптер сатып алып, бейне роликтер түсіре бастаған.
«Бейнероликтер түсіріп жүргеніме бір жыл болған жоқ. Мамырда бастағанмын. Арнайы осындай бейне түсіру үшін дрон сатып алдым өз қаражатыма. Интсаграмнан қаншама блогерлер және дронмен бейне түсіретін операторлардың жұмыстарын көріп, қызығатынмын. Көбіне Алматы мен Астананың видеоблогерлері ұнайды. Солардың жұмыстарына қарап, өзімнің туған өлкемді түсіргім келді. Біздің өлкенің, Қарқаралының табиғаты керемет! Жергілікті туризмнің дамуына үлесімді қосқым келді. Дронмен бейне түсіретін белгілі блогерден курс сатып алып, квадрокоптермен жұмыс істеуді, түсірген бейнемнің түсін реттеуді үйрендім. Ол курсты да өз қаражатыма сатып алдым», - дейді Олжас.
Оның айтуынша, әлеуметтік желіде жариялаған бейнероликтерді https://www.instagram.com/p/C6ULdKJrCw5/ Қарқаралының бұрынғы тұрғындары көріп, көңілдері босап, туған жеріне деген сағынышын жеткізеді екен.
Алайда ең бастысы – Қарқаралының сұлу табиғатына тәнті болғандар саны көбейіп келе жатқанында.
«Әлеуметтік желілерде жекеме де, жарияланым астындағы пікірлерде де Қарқаралының тумалары, басқа қалаға көшіп кеткен жерлестеріміз «осындай бейнероликтерді көбірек түсірші, аулымызға деген сағынышымызды, мауқымызды басамыз» деп жазып жатады. Арасында менің түсірген бейнемді көріп, табиғатымызға қызығып, Қарқаралыға арнайы келгендер де бар. Бұл бізде туристік әлеуеттің жоғары екенін көрсетеді», - дейді Олжас Төлеубек.
Алдағы уақытта ол қымбатырақ дрон сатып алуды армандайды. Себебі бастапқыда хобби болғанымен, оның түсіріп жатқан дүниесі туған жерін тек Қазақстанда ғана емес, шет елде де танымал етеді деген сенім нығайып келеді. Әлеуметтік желіде #Qazalemi хэштегімен шыққан байқау да бұған түрткі болар деген үміт бар.
Еске салсақ, елімізде #Qazalemi хештегімен конкурс жарияланған болатын. Байқауға кез келген қазақстандық қатыса алады. Шарты да қарапайым: қатысушы әлеуметтік желіде өз парақшасында туған жерінің сұлулығын көрсететін бейне ролик немесе фотосурет салып, #Qazalemi хэштегін қоюы тиіс.