Құтқарушылар Алматыда тау бөктеріндегі өртті сөндіріп жатыр

Фото: Видеодан алынған скрин

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласының Медеу ауданында Кенсай-1 аумағында тау бөктерінде өрт шықты. Бұл туралы ТЖМ хабарлады.

Өрттің жалпы ауданы шамамен 15 гектар. 

— Таулы жер бедері, тік жартастар және өрт сөндіру техникасы үшін жол қатынасының шектеулі болуы өртті сөндіру жұмыстарын қиындатты, — делінген ТЖМ хабарламасында. 

Жұмыстар қолда бар құралдар мен аспалы өрт сөндіргіштерді қолдана отырып жүргізіліп жатыр.

Оқиға орнында жеке құрамнан 50-ге жуық қызметкер және 20-дан астам техника, соның ішінде жергілікті атқарушы органдардан су тасымалдайтын машиналар жұмылдырылған.

Тұрғын үйлерге қауіп жоқ. Қазіргі уақытта өртті оқшаулау және жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кетелік Алматы маңындағы таулы аймақта құрғақ шөп өртенгені туралы жазған едік