ТЖМ мәліметінше, Көлсай көлдері аумағында кезекшілік атқарып жүрген жедел-құтқару жасағының қызметкерлеріне демалушылар жүгініп, 16 жастағы қызды жылан шаққаны туралы хабарлаған.
Құтқарушылар зардап шеккен жасөспірімге әмбебап құтқару бекетінде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кейін қызметтік автокөлікпен жақын маңдағы медициналық мекемеге жеткізді.
Оқиғаға байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындар мен туристерді жылы мезгілде табиғат аясында демалу кезінде сақ болуға шақырды.
Ведомствоның мәліметінше, бұл кезеңде жыландардың белсенділігі артады. Осыған байланысты белгіленген туристік соқпақтардан шықпау, демалыс орнын алдын ала мұқият тексеру, жыландарға жақындамау және оларды ұстауға әрекет жасамау ұсынылады.
Сондай-ақ жылан шаққан жағдайда уақыт жоғалтпай медициналық көмекке жүгініп, 112 нөміріне хабарласу қажет екені ескертілді.
Бұдан бұрын Шымкентте жылан көбейіп, тұрғындардан 150-ге жуық шақырту түскенін жазғанбыз.