Құтқарушылар Қосшыда газгольдердің жануымен 18 сағат бойы күресті

Фото: Фото: Видеодан скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысы Қосшы қаласының Республика көшесі бойындағы монша кешенінің аумағында жер асты газгольдерінде газ жанды, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

Алаулап жанған газды сөндіру үшін құтқарушылар судың үздіксіз берілуін ұйымдастырды, арнайы жылу шағылыстырғыш костюмдермен газгольдерді салқындату үшін оқпандар берілді. Өрт орнында жедел штаб құрылып, полиция экипажы тартылды. 

— ТЖМ құтқарушыларының кәсіби жұмысының арқасында газгольдердің жарылысына жол берілмеді. 18 сағат бойы өрт сөндірушілер газгольдерді үздіксіз су беру арқылы салқындатты. Қазіргі уақытта газ толығымен жанып кетіп ешқандай қауіп төндірмейді, — деп атап өтті ведомство баспасөз қызметі.

Еске салсақ, осыған дейін қатты желдің салдарынан Каспий жағалауындағы қамыс өртінің аумағы ұлғайғанын жазған едік.