Құтқарушылар өртенген үйдің әрбір пәтерін тексеріп жатыр

Фото: Фото: Ербол Казистаев/Kazinform

 АСТАНА. KAZINFORM — Астанада көпқабатты тұрғын үйден шыққан өртпен күрес әлі жүріп жатыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Динара Нұрғалиева мәлім етті.

«Тілсіз жаумен күреске 80-ге жуық маман және 17 техника жұмылдырылды. Өрт болған аумақта арнайы штаб құрылды, қазір көпқабатты тұрғын үйдегі әрбір пәтер тексеріліп жатыр. Дәл қазіргі ақпарат бойынша зардап шеккендер жоқ», — деді Динара Нұрғалиева оқиға орнында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап беріп. 

Фото: Дәулет Ізтілеу/Kazinform

Дегенмен оқиға орнында жедел жәрдем қызметкерлері көмекке дайын тұр.

Оның айтуынша, ғимарат 27 қабаттан тұрады, оның ішінде 26 қабаты — тұрғын үй. 

Фото: Ербол Казистаев/Kazinform

«Көпқабатты тұрғын үйдің 180 шаршы метрін жалын шарпыды. Тұрғындар уақтылы эвакуацияланды, нақты айтқанда ТЖМ мамандарының көмегімен 8 адам құтқарылды, оның ішінде 2 бала бар», — дейді ол. 

Фото: Дәулет Ізтілеу/Kazinform

Бұған дейін агенттік тілшісі оқиға орнынан фоторепортаж жасаған еді. 

Еске сала кетейік, бүгін астанада көпқабатты үйдің 26-қабатынан өрт шықты.

Құтқарушылар 8 адамды қауіпсіз жерге шығарды. Арнайы штаб құрылды.

Оқиға орнында Төтенше жағдай министрі Шыңғыс Әрінов жүр.