Құтқарушыларға үстемеақы төлеу қағидалары жаңартылды

Фото: ТЖМ

АСТАНА. KAZINFORM – Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен апаттан құтқару қызметкерлерінің сыныптылығына қарай үстемеақы төлеу қағидалары өзгертілді.

Құжатқа сәйкес, үстемеақы кезеңдік аттестациядан өткен және сыныптылық берілген, сондай-ақ кезектен тыс, қайта немесе жоспарлы аттестацияны растаған құтқарушыларға төленеді. Үстемеақы азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органының немесе апаттық-құтқару қызметі басшысының бұйрығы арқылы тағайындалады.

- Егер құтқарушы аттестациядан өтпесе, үстемеақы төлеу тоқтатылады. Төлем тек қайта аттестациядан сәтті өткеннен және сыныптылығын растағаннан кейін ғана қайта беріледі. Сыныптылықты жоғалтқан немесе қайталау аттестацияны растамаған жағдайда үстемеақы төлеу тоқтатылады, - делінген құжатта.

Үстемеақы төлемін тағайындау, тоқтата тұру және тоқтату тәртібі Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес реттеледі.

Бұйрық 2025 жылғы 2 қыркүйектен бастап күшіне енеді. 

Еске сала кетсек, осы жазда астаналық құтқарушылар баспаналы болды.