Құтқарушылар боранда көлікпен жолда қалған жүргізушілерге қандай кеңес береді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Боранда көлікпен жолда қалған жүргізуші қалай әрекет етуі керек? Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД бастығының орынбасары Есен Байыров сақтық талаптарын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Күшті боран кезінде қандай әрекет жасау керек? Жалғыз шығуға тыйым салынады. Отбасы мүшелеріне немесе көршіңізге қайда бара жатқаныңызды, қай жерде болатыныңызды хабарлап, айтып кету керек. Егер сізді елдімекеннен тыс жерде жаяу жүріп, бағдарды жоғалтып алсаңыз, бірден алдыңызда тап болған үйге кіріп, өзіңіздің тұрған жеріңізді анықтап, 112-ге қоңырау соғып, көмек сұрау керек», - деді Есен Байыров қала әкімдігінің Facebook -тегі парақшасында өткен онлайн баспасөз мәслихатында.

Департамент өкілі баспасөз мәслихаты барысында сондай-ақ автокөлікпен жолда қалып қойған уақытта қалай әрекет ету керектігін түсіндірді.

«Қар қалың жауып мен дауылды желмен күннің күрт сууы салдарынан автокөлік жолдары, теміржол магистралы қар құрсауында қалуы мүмкін. Сол себепті қарлы боранда бірнеше қарапайым ережені сақтау керек. Егер сіз жолда автокөлікпен келе жатып, боранға тап болсаңыз, тоқтап, тұрған жеріңізді анықтап, белгі беру үшін көлікке мата іліп қою керек. Сонда сізді құтқаруға келген азаматтар тез тауып алады. Сондай-ақ радиаторды жабу керек. Жолда қалғанда бензинді үнемдеңіздер. Пешті үздіксіз қоспаңыздар. Көлікті қар басып қалса есіктің бірі ашылатындай саңылау болуы тиіс. Салон ішінде қамалып қалмау үшін омбы қарды анда-санда тазалап тұрған жөн», - деді ол.