Құтқарушылар Ленин шахтасындағы қайғылы оқиғаның мән-жайын айтып берді

ШАХТИНСК. ҚазАқпарат - Ленин атындағы шахтада болған қайғылы оқиға орнына бірінші болып келген құтқарушылар кеншілерді қалай құтқарғандарын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«КӘАҚҚ РОШ» ЖШС Қарағанды филиалының алты құтқарушы бөлімшесі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ КД Ленин атындағы шахтасында апат орнына алғашқылардың бірі болып келді. 830 метр тереңдікте құтқару жұмыстарына 35 адам қатысты.

«Жұмыстар екі учаскеде жүргізілді. Әр жерде екі адам еңбек етті. Тағы бір кенші жұмысты басқарған. Төтенше жағдай орын алған жерге келген кезде біз үш адамның денесін таптық. Біраз уақыттан кейін екінші нүктеде – тағы бір марқұмды, сонан соң қаза болған бесінші кеншіні тауып алдық. Оқиға кенеттен орын алғандықтан, кеншілер өзін-өзі құтқару құрылғыларына қосылып үлгермей қалған», - деді «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС Қарағанды филиалы директорының орынбасары Жұмат Өкенов.

Апат орнында үйінділер жоқ, жер жынысы құламаған.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін түнде шахтад «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің Ленин атындағы шахтасында апат болып, салдарынан 5 кенші қаза тапты.

ТЖ фактісі бойынша ҚР ҚК 277-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.




Фото: instagram.com/shk_kz