Негізгі ой – адамдарға қайтыс болғаннан кейінгі донорлық бар екенін және кезекте тұрғандар туралы ақпарат жеткізу болды. Олардың күнделікті өмірі мен уайымын көрсету еді. Фильм түсіру оңайға соқпады. Осындай тақырыптардан кейін мен әдетте ауырып қаламын. Ең қиыны – кейіпкерлердің сеніміне ие болу еді, олар толық ашылуы үшін, -
дейді режиссер-документалист Қанат Бейсекеев.
Фильмде ағза алмастыру операциясын күтіп жүрген қазақстандықтардың басынан өткен оқиғалар баяндалады. Жоба авторы шынайы адам тағдырларын мысалға ала отырып, қайтыс болғаннан кейінгі донорлық мыңдаған адамға өмір сүруге мүмкіндік беретінін айтады. Алайда, Қазақстанда бұл бағыт әлі дамымаған және донор болуға ниеттілер өте аз.
Бұл фильмде 10 жыл бұрын жүрегін ауыстырған кейіпкерлер, Қазақстанда бірінші болып қайтыс болған анасының жүрегін алуға келісім берген адам мен дәрігер де бар. Басты назар «күту парағындағыларға» аударылды. Күту парағы – ағза трансплантациясын қажет ететін барлық адамдар қамтылған ұлттық тізім, -
дейді жоба авторы Оксана Акулова.
Деректі фильм авторларының мәліметінше, 2021 және 2022 жылдары Қазақстанда қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісім берген 8 адамның ағзасы трансплантацияланды. Олар 25 адамның өмірін сақтап қалды. Мамандар пікірінше, егер бұл мәселеге дұрыс көзқарас қалыптастырылса, донор саны 10 есе артуы мүмкін еді. Себебі, қазір бізде ағза алмастыруды қажет ететін 3 532 адам кезек күтіп жүр, оның – 67-сі бала. 2021 жылы және 2022 жылдың 10 айында донор ағзасын күткен 558 пациент көз жұмған.
Қазақстанда дәрігерлер «миы өлді» деп жариялаған ересек адам ғана қайтыс болғаннан кейін донор бола алады. Көбінесе бұл апатқа ұшыраған, жазатайым оқиғадан немесе инсульттан қайтыс болған адамдар, яғни ауыр бас жарақатынан көз жұмғандар. Әлбетте, дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға барын салады. Алайда, миы өлсе, ештеңе жасай алмайды. Ауруханаларда трансплантациялық координатор деген дәрігерлер бар, олар марқұмның жақындарына олардың туысының қайтыс болғанын, миы өлгенін айтып түсіндіреді. Кейін донорлыққа келісімге қол қоюды сұрайды, яғни бұл адамның ағзасын басқа адамдарға трансплантациялау үшін жақындарының рұқсаты қажет. Келісімсіз оларға тиіспейді. Бірақ, бізде қайтыс болған донорлар өте аз, өйткені туыстары әртүрлі себептермен бас тартады. Осы жылдың 10 айында төрт адам келісім берді. Өткен жылы да төртеу еді, -
деп түсіндірді автор.
Түсірілімді 2021 жылдың қарашасында бастаған авторлар биыл күзде кейіпкерлер өмірінде болған өзгерістерді білу мақсатында олардың тағдырына қайта оралды. Картина кейіпкерлерінің бірі Анар Шаймергенова отадан кейінгі жағдайы туралы айтады. Дәрігерлер оған созылмалы гломерулонефрит диагнозын қойып, ол алты ай бұрын Минск қаласында бүйрегін ауыстырған.
Зерттеуге, жолыма және операцияға 70 мыңнан астам доллар жұмсалды. Қазір донордың арқасында өмір сүріп жатырмын. Мен күн сайын донорыма алғыс айта берем. Енді мен судың қаншалықты дәмді екенін түсіндім, өйткені төрт жыл бойы бір жұтым іше алмадым. Бұл ұсақ-түйек сияқты, бірақ мен үшін арман болды. Қазір дәрі-дәрмек пен дәрумендер қабылдаймын. Жағдайым бұрынғыдан жақсырақ. Ентігусіз қалыпты жүре аламын, -
дейді кейіпкер.