Министр алғаш болып Кувейт мемлекеті Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Сыртқы істер министрі шейх Сабах әл-Халед Ас-Сабахпен кездесті. Тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, атап айтқанда сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастарды жандандыруын талқылады. Кувейт тарапы Қазақстан мен Кувейт арасындағы туризмді дамытуға ықпал ететін және екі ел арасындағы экономикалық, гуманитарлық және мәдени байланыстарға оң серпін беретін тікелей әуе қатынасын ашуды ұсынды.
Сондай-ақ, Кувейт министрі өз кезегінде Қазақстанға БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өз күш-жігері үшін ризашылығын білдірді.
Келесі Сауд Арабиясы Корольдігінің Сыртқы істер министрі Адель әл-Джубейрмен кездесуде екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығы мәселелері сөз болды. Б. Атамқұлов Сауд Арабиясы тарапынан біздің елмен экономикалық диалогты белсенді дамытуға бағытталған «Қазақстан-Сауд Арабиясы» үйлестіру кеңесін құру туралы ұсынысын толық қолдайтындығын білдірді.
Содан соң, БАӘ-нің Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі шейх Абдалла бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүргізілді. Кездесу барысында алдағы екіжақты сапарлар кестесі, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық перспективалары, оның ішінде БАӘ капиталы тартылған жобалар талқыланды. Сауда-экономикалық ынтымақтастық ауқымын одан әрі кеңейту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Еліміздің сыртқы істер ведомствосының басшысы өз сөзінде Қазақстан мен БАӘ ғарыш саласында өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту мен ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеуде жоғары перспектива бар екенін атап өтті.
Ағымдағы жылы Әмірлік «Байқоңыр» ғарыш айлағынан халықаралық ғарыш стансасына өз ғарышкерін жіберуді жоспарлап отыр.
Одан бөлек, Иордания Хашимит Корольдігінің Сыртқы істер министрі Айман ас-Сафадимен сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Қазақстан мен Иордания арасындағы қалыптасқан саяси диалогқа қарамастан, екі жақты сауданың көлемі объективті себептермен ынтымақтастықтың қарқынына сәйкес келмейді. Осы ретте екіжақты ынтымақтастық жол картасын әзірлеу қажеттілігі атап өтілді.
Министрліктің мәліметіне сүйенсек, біздің ел Сириядағы дағдарысты шешуге бағытталған барлық халықаралық бастамаларды қолдайды. Сонымен қатар, кездесу барысында Иорданияның Сириядағы қақтығыстың шешілуіндегі айрықша рөлі мен қосқан үлесін баса айтылды.
Және бір кездесу Индонезияның Сыртқы істер министрі Ретно Марсудимен өтті. Келіссөз барысында екіжақты және көпжақты форматтағы мәселелер талқыланды.Б.Атамқұлов индонезиялық тарапты 2019-2020 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сайлануымен құттықтап, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан мен Индонезия арасындағы БҰҰ шеңберіндегі ынтымақтастықты нығайтуға сенім білдірді.
Сонымен қатар, екіжақты көлік-логистикалық ынтымақтастықты жандандыру қажеттігі де әңгіме болды. Осы тұрғыда еліміздің министрі сұхбаттасын АСЕАН елдеріне Қазақстанның теңіз қақпасы ретінде қарастырылатын қытайлық Ляньюньган портындағы отандық терминалдың мүмкіншіліктерімен таныстырды.
01:54, 04 Наурыз 2019
Кувейт Қазақстанмен тікелей әуе қатынасын ашуды ұсынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кувейт тарапы Қазақстанмен арадағы байланысқа оң серпін беретін тікелей әуе қатынасын ашуды ұсынды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтың Әбу-Дабиде өткен Ислам Ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) Сыртқы істер министрлерінің 46-шы отырысы аясында бірнеше елдің сыртқы істер министрлерімен келіссөздері барысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.