Кувейтте 23 адам алкогольден уланып көз жұмды
АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы күндері Кувейтте 23 адам алкогольден уланып қаза болды, деп хабарлайды Al Arabiya ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Жергілікті жерде алкоголь өнімін өндіріп, таратқан 67 адам ұсталды.
Елде алкогольді импорттауға да, жергілікті жерде өндіруге де тыйым салынған. Дегенмен, кейбіреулері ішімдікті қауіпсіздік стандарттары жоқ жерлерде заңсыз өндіреді. Бұл тұтынушылардың улану қаупін тудырады.
Министрліктің мәліметінше, тұрғын үйлер мен өндірістік аудандарда жұмыс істейтін 6 зауыт пен әлі іске қосылмаған тағы 4 өндіріс орны ашылған. Сапасыз алкоголь өндірісі салдарынан, метанолмен уланудың 160 жағдайы тіркелді.
Оның ішінде 23 адам, негізінен Азиядан келген азаматтар көз жұмды.
«Қылмыстық желі» басшысы — Бангладеш азаматы қамауға алынды. Күдіктілердің бірі Непал азаматы метанолдың қалай дайындалып, сатылғанын айтып берген.
Еске сала кетейік, Қытайда алкогольге тәуелділіктен арылту үшін науқасқа «арнайы чип» енгізіледі.