Кувейтте болған оқиға Лондонда қайталанбасын

None
АСТАНА. 28 наурыз. ҚазАқпарат - Ұлттық әнұранымызды қорлауға тағы жол беріп қойдық. Кувейтте өткен нысана көздеуден Азия біріншілігінде біздің елдің әнұранын ұйымдастырушылар шатастырып алды.

Бірақ бұл жолы Қостанайдағы секілді Рикки Мартиннің әні шырқала жөнелген жоқ. Париждегі Әлем чемпионатындағы сықылды ескі әнұранымыз ойнаған жоқ. Бұл жолы сайқымазақ Саша Коэннің «Борат» фильміндегі «Қазақстан - қи өндіретін ел», «Қазақстан - жезөкшелер мекені» деген сөздері бар «әнұран» орындалып кетті... Алтынға ие болған Мария Дмитриенко мергеніміз де марапаттау рәсімінде қолын кеудесіне қойып, мүлгіген күйі Бораттың әнін аяғына дейін тыңдап шықты. Осылайша Саша Барон Коэн деген сапалақтың мазағы қазақ жұртын әлем алдында тағы бір масқара қылды. Бұдан кейін спортшыларымыз жеңіс тұғырына көтерілсе, «енді не болар екен» деп үрейімізді іште сақтап отыратын болдық! «Борат әнұраны» түсірілген бейнетаспа сол мезетте интернетке де шығып, ең танымал өнімдердің біріне айналды. Бұл бейне 5 күннің ішінде 2 802 270 рет қаралып, Қазақстан тақырыбындағы бейнематериалдардың арасында көш бастады.

Еліміздің ресми органдары, атап айтқанда ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев Үкімет отырысында Кувейтте туындаған оқиғаның шығу төркінін анықтауға уәде етіп, Халықаралық нысана көздеу турнирінің Ұйымдастыру комитетіне наразылық нотасын жолдады. Жаңсақтыққа жол берген Кувейт тарабы болса, бұл қателік қасақана жасалмағандығын айтып, оқиғаға қатысты шұғыл шара қолданатынын мәлім етті. Және бүгін белгілі болғанындай, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігіне Кувейттегі Халықаралық нысана көздеу турнирінің Ұйымдастыру комитетінен хат келіп түскен. Онда комитет басшысы және жарыс директоры Обайд Әл Осайми «Борат әнұраны» оқиғасы үшін кешірім сұрап, кінәлілерді жазалайтынын хабарлаған.

«Осы қателікті жіберген адамдарға жаза қолданып, Клубымыз бен федерациядан шығарылатынын хабарлаймыз», - делінген О. Әл Осаймидің хатында.

«Кеше осы қателігімізді түзете отырып, біз тағы да барлық қатысушылармен бірге Сіздердің Туларыңыздың құрметпен көтерілуі кезінде нағыз әнұрандарыңызды ойнаттық. Біз бұл әнұранның қай көзден алынғандығын анықтадық, протокол компаниясы оны интернеттен алғанын хабарлады. Әрине, болған қателік үшін өкіне отырып, Сіздердің федерацияларыңызға, спортшыларыңыз бен тамаша елдеріңізге деген құрметімізді көрсететін боламыз», - деп жазады жарыс директоры.

Кувейттің ұйымдастыру комитеті мәлімдегеніндей, марапаттау рәсімі және басқа да протоколдық іс-шараларды жүргізу үшін арнайы компания тартылған. Сол компанияның кемшілігі деп отыр. Олар «қате әнұранды» интернеттен көшіріп алған. Ал оның дұрыстығын ешкімнің тексермегені анықталды. Ереже бойынша, әрбір ұлттық команданың жетекшісі әнұранның дұрыстығын тексеруі тиіс. Құрамамыздың жаттықтырушысы Ануар Юнусметов, «марапаттау басталар алдында біз ұйымдастырушылар алқасынан еліміздің әнұранын сұрадық. Олар бізге барлық елдердің әнұрандары бар тізімді көрсетті. Оның ішінде Қазақстанның гимні де бар болатын», - дегеннен басқа ары бармады.

Қателіктің алдын алмаған қазақстандық өкілдерден әлі ешкім жазаланған жоқ. Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі бұл толығымен ұйымдастыру комитетінің кінәсі деген ұстанымда.

Қазақстанның көк байрағын желбіреткен спортшыларымызды мақтағанға не жетсін?! Дегенмен, еліміздің аты аталған сәтте қазақтың ұл-қыздары ұлтымыздың әнұранын қосарланып айта алмайтыны көңілге кірбің түсіреді. Медальсіз қалсақта, ана Бораттың әніне басын изеп, тұрып қалған спортшы «Ау, мынау ағылшынша не ән? Менің елімнің әнұраны емес қой» деп сол жерде неге шу шығармады?! Мұны қалай түсіндіруге болады? Мария өз елінің әнұранын білмегені ме?

Жалпы әр мемлекеттің ерекше қадірлейтін, қастерлейтін символдары болады. Соның бірі мемлекеттің тұлғасын, өршіл рухын айшықтайтын - Әнұран. Ол, әдетте, мемлекет басшыларын қарсы алу құрметіне, әрбір ел спортшыларының ірі халықаралық жарыстарда қол жеткен жетістіктеріне, мемлекеттік деңгейдегі басқа да саяси шараларды өткізуге орай орындалады. Әнұран шырқалған тұста әрбір азаматтың бойында Отанға деген құрмет сезімін тудыруы тиіс. Шынында да, Әнұран шырқал­ғанда селт етпейтін жүрек бар ма?! Бірақ біз қазақ жұртының қас жауына айналған Саша Барон Коэннің әнін қасқайып қарсы алған Марияның бұл қылығын түсінбей қалдық.

Болар іс болды, бояуы сіңді. Ендігі мәселе намысымызды қор қылып, жігерімізді құм қылған осындай оқиғаларды болдырмау. Нақты шараларды қолға алуымыз қажет. Парижде өткен Әлем чемпионатында марапаттау рәсімі барысында Қазақстанның ескі әнұранының орындалуы оқиғасынан кейін барлығына да бұндай оқиғаларға жіті қарау керектігі ескертілуі тиіс еді. Әншейінгі әзілден әріге кетіп, лас, былапыт дүниенің бәрін қазақ халқына жапқан Саша Коэннің келемежі жебірімізге жетіп бітті.  Сондықтан да болар Кувейтте «Борат әнұраны» оқиғасынан кейін, Қазақстан осындай шараны қатаңдатуға шұғыл кірісіп те кеткен секілді. Мәселен, бүгін Астанада ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов журналистермен кездесіп, қазақстандық спортшылардан мемлекеттік әнұранды білу талап етілетін болады деп мәлімдеп үлгерді.

«Қазір ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі спорттық шараларды ұйымдастыру кезінде мемлекеттік символдарды қолдану ережелерін жасақтады. Қазіргі уақытта ол Мәдениет және ақпарат министрлігімен келісілді. Ал жақын арада ел Үкіметімен бекітіледі деп күтілуде. Онда республикалық және халықаралық жарыстарда спортшыларымыздың барлық іс-қимылдары белгіленген. Қазіргі уақытта Ұлттық штаттық командалар тарапынан әрбір спортшыға, әрбір командаға әнұранның сөзі жазылған әдістемелік құралдар берілді. Олимпиадалық ойындарға қатысудың алдында біз әр спортшыны әнұранды білуге міндеттеп, оны қадағалаймыз», - деп сөзін түйді ол.

Осындай талап қойғызуға мәжбүрміз. Кувейтте болған оқиға Лондон Олимпиадасында қайталанбасын десек, бұл қазір керек те шығар. Алайда әр қазақстандықтың жүрегінде намыс оты болса, ұлттың ұпайы түгел болар еді. Өзге елде өршіл қазақтың есесі кетпес те еді.