Кувейттегі мешітте болған жарылысқа қатысы бар деген күдікті ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кувейт билігі өткен жұма күні 27 адамның өмірін қиған мешіттегі лаңкестік әрекетті ұйымдастырушылардың тағы бір қатысушысын қамауға алды. Елдің ІІМ-нен мәлімдегендей, ол жанкештіні жарылыс жасауға дейін көлігімен жеткізіп салған.

«Қауіпсіздік күштері лаңкесті имам әс-Садық мешітіне көлікпен жеткізіп салған жүргізушіні қолға түсіре алды», - делінген ведомствоның хабарламасында.

Оның ақпаратына сәйкес, жанкештіңі сыбайласы - Кувейт аумағында заңсыз тұрған 1989 жылғы Әбдел Рахман Сабах Айдан есімді ер адам.

Еске сала кетейік, жанкешті жұма күнгі намаз кезінде Эль-Кувейттің орталығындағы Эс-Сабер ауданында орналасқан шиғалар мешітінде бомбаны іске қосты. Жарылыстан 27 адам мерт болып, тағы 227-сі жарақаттанған.

Лаңкестік әрекетті «Ислам мемлекеті» содырлары ұйымдастырған.