Күйеуін өлтірген ақтөбелік сот алдында жауап беріп жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Сотта айыптау актісі оқылды. Әйел күйеуімен жанжандасып, бірнеше рет пышақ сұғып алған.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Ксения Седоваға қатысты іс қаралып жатыр. Іс материалына сүйенсек, 2025 жылдың сәуір айында сотталушы жұмыстан соң үйіне келгенде күйеуінің ішімдік ішіп отырғанын көреді. Сол кезде екеуі өзара сөзге келіп, жанжал туады. Арада тағы бір жарым сағат өткенде жәбірленуші жазғы үйде жүрген әйелін келіп құшақтайды. Сол кезде оның әрекетін жақтырмаған сотталушы итеріп жіберіп, тағы жаналдасады.
- Сотталушы жәбірленушінің мас екенін, өзіне қарсылық көрсете алмайтынын біліп, ас үй пышағын алып басы мен қолына жарақат салады. Кейін оң жақ кеудесіне, арқа тұсына пышақ сұғып алады. Седов сол жерде құлап, есін жимастан көз жұмды. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сүйенсек, Седов көп қан жоғалтқаннан мерт болған. Химиялық-токсикологиялық сараптама кезінде жәбірленуші қанындағы спирттің мөлшері 4,58 промиллді құрады. Ксения Седова Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық құқықбұзушылық жасады,- деді прокурор Дина Байжанова.
Сотталушы К.Седованың айтуынша, екеуі осыдан екі жыл бұрын көңіл жарасып, қосылады. Арада екі ай өткеннен кейін үйде жиі дау-жанжал болып, үнемі полиция шақырып отырған. Сол күні де күйеуі оны ұрып-соққан.
- Сол қайғылы оқиға болған кезде мен жүкті едім. Мен оған өзімнің жүкті екенімді айттым. Ол соған қарамастан ұрды. Мені үнемі ұратын. Мұрнымды да сындырды. Біз менің қызым үшеуіміз тұрамыз. Өкінішке қарай, осының бәрін менің қызым да көріп тұрды,- деді сотталушы.
Айта кетейік, Ақтөбеде 25 жыл отасқан әйелін пышақтаған адам бас бостандығынан айырылды. Сот отырысында жәбірленуші кешірім беріп, бас бостандығынан айырмауды сұрады.